Фото: gov.kz
Әскерге бару – әр ер азаматтың мемлекет алдындағы борышы. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәтебесі туралы» ҚР заңында белгіленген тәртіп бойынша, әскерге шақырудан босатылғандар мен шақыруды кейінге қалдырғандардан басқа 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар 12 ай сарбаздық міндетін атқаруы керек. Ал кейінгі жылдары әскерге барғандардың өлімі оқиғаларынан соң бұл міндеттен жалтарғысы келетіндер көбейді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» MNU Newsroom -ге сілтеме жасап.
Мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жылына екі рет көктем және күз мезгілінде өтеді. Ал бұл міндеттен қандай да бір себеппен жалтарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ел ішінде денсаулығы жарамды, әскери борышын өтеуге барлық мүмкіндігі бола тұра барғысы келмейтін жастар көбейген. Кейбірі күнделікті жұмысын сылтауратса, бірі әскерге баруды уақытты бос өткізу деп санайды.
Астаналық 22 жастағы Еламанға былтыр көктемде әскерге шақырту келген. Кейін медициналық тексеріс кезінде денсаулығының әскерге баруға жарамсыздығы анықталған. Сөйтіп, ол әскер қатарына іліне алмаған. Еламан жағдайдың бұлай өрбігеніне қуанғанын айтады.
«Қазір жаңалықтардан әскердегі зорлық-зомбылық, кісі өлімі туралы ғана естисің. Адам болғаннан кейін қорқыныш болмай қоймайды. Оның үстіне әскерге барып келген достарымның әңгімесінен түсінгенім, ол жерде шынымен де ұрып-соғу бар екен. Сондықтан әскерге жарамсыз болғаныма мұңаймадым», – дейді ол.
Кей жастар әскери міндетін өтеуге барғысы келсе де, ата-аналарының қарсылығына тап болып жатады. Олар өз балаларын әскерден алып қалу үшін заң бұзуға да барады.
Мысалы, осы жылдың 13 наурызында астаналық 21 жастағы Дастан есімді азаматты түнгі уақытта компьютер клубынан жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері әскери бөлімшеге алып кеткен. Себебі жеке куәлігін тексеру барысында борышынан жалтарып жүргендер қатарында болғаны анықталған.
«Досым інісін жібергісі келмегендіктен, біз жан-жақтан байланыс іздеп, «келісімге келгіміз» келді. Қалтамыздағы 150 мың теңгені беріп, Дастанды алып қалғымыз келген. Алайда әскери бөлімшедегілер «500 мың «айыппұл» төлеп, алып кетсеңіздер» болады деді. Қолымызда ондай ақша болмағандықтан, амал жоқ Дастанды алып қала алмайтын болдық», – дейді Дастан отбасының досы.
Кейінгі кездегі әскери қызметтегі өлім жайлы жаңалықтардан кейін әскерге баруға жүрексінетіндер де бар.
Былтыр 18 сәуірде бас әскери прокурордың бірінші орынбасары берген мәліметке сәйкес, кейінгі үш жылда 270 әскери борышын өтеуші көз жұмған. 2020 жылы 78 адам, 2021 жылы 96, 2022 жылы 85, ал 2023 жылдың басында 11 адам қаза тапқан. Олардың 36 пайызы түрлі дерттен көз жұмса, 24 жол апатынан мерт болған. Қалған 20 пайызы суицид жасаған.
Былтыр Маңғыстау облысы мен Степногорск қаласында екі ұлттық ұлан өздеріне қол салып қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады.
Ал қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов сарбаздар өліміне қатысты “әскер ғана кінәлі емес, олар әскерге өздерінің қоғамдағы проблемаларымен келді, біздің мақсат – ересек адамға мәселесін шешуге көмектесу, әскери қызметке бейімдеу» деген еді.
Қазақстанның Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Руслан Серікханұлы әскерден жалтару жауапкершілігі ауыр екенін айтады. Оның сөзінше, өз қызметінде әскерге баруға міндетті азаматтың ата-анасы не туысы тарапынан заң бұзу әрекетіне тап болмаған.
«Әскерге бармаудың әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық құқық бұзушылықта жауапкершілігі көзделген. Сол үшін азаматтар әскерге барудан ерікті түрде бас тартпайды. Ал жергілікті әскери басқару органдарының жолдаған шақыру қағазы бойынша әскерге тіркелуге келмегені – олардың әлі де шақыртудан хабарсыз болғанын білдіреді. Яғни ақпараттан құлақтанбағандықтан, әскерге барудан жалтарған сияқты көрінуі мүмкін», – дейді ол.
Оған қоса, полковник ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан цифрлық трансформация енгізілгенін атап өтті. Бұл өз кезегінде әскерге шақырылғандардың бағылауын күшейтеді. Яғни ендігіде азаматтардың әскерден жалтару жағдайлары қиындай түсуі мүмкін.
Информбюроның хабарлауынша, әскери борышын өтеуден жалтарғандарға 1000 АЕК айыппұл салынады, немесе 400 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Тіпті бір жылға сотталуы да мүмкін.
Ал шақыру комиссиясын алдау үшін қолдан құжат жасағаны нақтыланса, өзіне әдейі зиян келтірсе айыппұл 3 есе ұлғайып, 11 миллион теңгені құрауы немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Бірақ іс сотқа өткенге дейін әскерге шақыру бөлімшесіне барып үлгерсе, қылмыстық жауапкершіліктен құтылады.
Қазақстанның Қарулы күштері бас штабының мәлімдеуінше, былтыр әскерге 38 мың азамат шақырылған. Ал биыл олардың саны 40 мың деп жоспарланған екен. Қазір ел территориясында 195 әскери басқару органы бар, онда атқарушы органдар құрылып, шақыру жұмыстары жүріп жатыр.
Биыл әскерге шақыру науқаны 1 наурыздан басталды.