05 қаз, 2020 сағат 11:15

Қазақстанның Қарулы Күштерінде қорытынды тексеру басталды

Қарулы Күштерде әскерлерді қорытынды тексеру басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға жеке құрам 100% қатысатын болады. Екі апта ішінде әрбір әскери қызметші нормативтерді орындау, сынақтар мен тест тапсыру қорытындылары бойынша өзінің кәсібилігі негізінде бағаланатын болады. Бөлімшелердің жауынгерлік қабілеті мен үйлесімділігі, командирлердің жеке құрамды басқара білуі есептік кезеңде өткізілген оқу-жаттығулардың нәтижесі бойынша қорытындыланады. 

2020 жыл Қарулы Күштер үшін ерекше жыл болды. Коронавирустық пандемияның өршуі кезінде әскер төтенше жағдайды қамтамасыз ету шараларына тартылды. 10 мыңнан астам әскери қызметші блокпостарда қызмет атқарды. Елді мекендерді патрульдеуге қатысып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды қарауылдады. Бірқатар әскери медициналық мекемер COVID-стационарлар ретінде қайта бейіvделді, ал әскери госпитальдар мен лазареттердің дәрігер-мейірбикелік бригадалары жергілікті денсаулық сақтау органдарының қарамағына жіберілді.

«Осыған қарамастан, әскердің жауынгерлік әзірлігін қолдау жөніндегі барлық іс-шаралар толық көлемде орындалуда. Жыл басынан бері 200-ден астам тактикалық оқу-жаттығуы және 20 000-нан астам жауынгерлік атыс өткізілді.

Карантин шараларын жеңілдете отырып, әскерилер ауқымды іс-шараларға кірісті. Қыркүйек айында еліміздің батыс өңірінде әскерлердің сан алуан топтасуымен лаңкестікке қарсы оқу-жаттығулар өткізілді. Жамбыл облысында «Алдаспан» ірі жедел-тактикалық және Алматы облысында бригадалық тактикалық оқу-жаттығулар өтті.

Қазір еліміздің барлық өңірлерінде полигондар мен оқу-жаттығу алаңдарында арнайы операциялар күштерінің жауынгерлік әзірлігін тәжірибелік тексеру жүріп жатыр.

Ал Алматы облысының Тілендиев кентіндегі оқу орталығында ел тарихындағы алғашқы кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы өткізіліп жатыр. Аталмыш оқу-жаттығу ағымдағы жылдың 8 қазанына дейін жалғасады. Оқу-жаттығуға десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әскери-әуе күштерінің, Әскери полицияның, әскери медициналық мекемелердің, бітімгершілік даярлау және минасыздандыру орталықтарының жеке құрамы қатысады»,-делінген хабарламада.