24 мам, 2024 сағат 12:47

Қазақстандықтардың үштен бірі зорлық-зомбылық көрген — статистика

Фото: zberovski.ru

Қазақстан азаматтарының 78%-і тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін берілетін жазаны күшейту керек деп санайды. Бұл туралы DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы халық арасында «Қазақстандағы тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы түсінік» деген тақырыпта жүргізген сауалнамасының нәтижесіне сүйеніп хабарлады.

DEMOSCOPE зерттеуінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық және оның алдын алу шаралары туралы қоғамның пікірі, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша азаматтардың ойы зерттелді. Сауалнама сот үкімі шығарылғанға дейін жүргізілді.

Сауалнама қорытындысы бойынша, қазақстандық азаматтардың 45,1%-і Бишімбаевты өмір бойына бас бостандығынан айыру әділ жаза деп санайды. Респонденттердің 19,4%-і 15-20 жылға бас бостандығынан айыруды, 9,5%-і 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, 1,4%-і шартты түрде соттауды және айыппұл салуды қолдаған.

Сауалнамада азаматтардан қай тарапты қолдайтыны да сұралды. Респонденттің басым бөлігі (71,9%) жәбірленуші Салтанат Нүкенованы, 0,4%-і айыпталушы Қуандық Бишімбаевты қолдайды. Респонденттің бестен бір бөлігі (22,7%) екі тарапты да қолдамайды.

Азаматтардың 40,7%-і әділетсіз үкім шығарылса, қатаң әрі әділ жаза талап етуге дайын екенін айтады. Олардың 24%-і президенттің атына жазылған петициялар мен үндеулерге қол қоюға дайын екенін, 3,9%-і шерулер мен митиңге қатысатынын, 12,8%-і өз ортасында ашуланып қана қоятынын жеткізді. Бұл ретте 32,6% ештеңе істемейтінін айтқан.

"Бишімбаев ісі" қазақ қоғамы үшін тарихи әрі маңызды оқиға болды. Тіпті бұл жағдай басқа мемлекеттерді де елең еткізген ауқымды резонанс тудырды. Мұндай процесс алғаш рет тікелей эфирде көрсетілді. Бұрын-соңды болмаған су тасқынына қарамастан қоғам бұл процесті назардан тыс қалдырмады.

DEMOSCOPE мәліметі бойынша, қазақстандықтың жартысынан көбі (52,5%) жалпы сот процесін бақылаған. Үштен бірінен астамы (35,7%) сот процессі туралы білген, бірақ бақыламаған. Респонденттің 10,9%-і сот процесі туралы алғаш рет естіген.

Бір қызығы, қазақстандықтардың басым бөлігі (61,5%) сот процессі тікелей эфирде көрсетіліп, БАҚ-та жариялануын дұрыс деп есептейді. 12,2%-і, керісінше, бұған келіспейді, 15,8%-і бұл мәселеге қатысты көзқарасы бейтарап екенін айтты.

DEMOSCOPE зерттеуді тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбын қозғады. Олар сауалнамаға қатысқандар «Күйеуінің әйеліне қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсетуін кейбір жағдайда ақтауға бола ма?» деген сұрақ қойылды. Олардың басым бөлігі (65,8%) күйеуінің әйеліне қатысты көрсеткен физикалық зорлық-зомбылығын ешқашан ақтауға болмайтынына сенімді. Ал 27,7%-і әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты кей жағдайда ақтауға болады деп есептейді.

DEMOSCOPE нәтижесін World Values Survey-дің 2017 жылғы сауалнамасының деректерімен салыстыруға болады. Ол кезде Қазақстанның жағдайы әлдеқайда нашар болды – азаматтардың 54,9%-і ғана жұбайына зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайтынын айтқан. Бұл қазіргі көрсеткіштен 10,9%-ке төмен.

Сонымен қатар қазақстандықтардың 37,9%-і белгілі бір жағдайда зорлық-зомбылықты ақтауға болатынына сенімді. Бұл нәтижелер Қазақстанда гендерлік зорлық-зомбылық туралы қоғамның түсінігі жақсарғанын көрсетеді.

DEMOSCOPE зерттеуі азаматтардың 70,8%-і тұрмыстағы зорлық-зомбылық проблемасын өзекті деп санайтынын көрсетті. Оның ішінде 40,5%-і “өте өзекті” және 30,3%-і “өзекті сияқты” деп есептейді. Сонымен қатар 12,8%-і бұл мәселені “аса маңызды емес” және 5,2%-і “мүлдем маңызды емес” деп санайды.

Зерттеу нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың үштен бірінен астамы (34,7%) өз ортасында күйеуінің әйеліне физикалық күш көрсеткенін білген немесе көрген. Оның 10,6%-і мұндай жағдайға көп рет, 24,1%-і бірнеше рет тап болған. Бұл ретте гендер тұрғысындағы деректерді атап өтпеу мүмкін емес. Мысалы, әйелдер ерлерге қарағанда екі есе – 44,1% және 26,3%, тиісінше, күйеуі мен әйелі арасындағы зорлық-зомбылыққа куә болған.

Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты қоғамдағы наразылыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазаны қатайтатын заңға түзетулерге қол қойды.

Сауалнама барысында қазақстандықтардан жаңа түзетулерді қолдай ма деген сұрақ қойылды. Азаматтардың басым көпшілігі (78,5%) қабылданған норманы қолдайтынын айтты. 8,8%-і қарсы болса, 3,4%-і бейтарап екенін жеткізген. Ал 6,3%-і бұл заң туралы ештеңе білмейді.

Респонденттердің 36,8%-інің пікірінше, Қазақстандағы тұрмыстағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендетудің ең тиімді шарасы құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талаптарды күшейту болмақ. Басқа ұсынылған шараларға мыналар жатады:

  • - тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қосымша қатаңдату (30,3%);
  • - әйелдердің қоғамдағы мүмкіндігін кеңейту (20,3%);
  • - тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі бойынша ақпараттық науқандар мен ағарту бағдарламаларын жүргізу (19,1%);
  • - тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының көбеюі (15,3%);
  • - агрессорларды мәжбүрлеп оңалту және емдеу (15%).

Алайда 4,3%-і ештеңе қолданудың қажеті жоқ деп есептейді. Бұл сұрақта үш жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігі болды.

DEMOSCOPE зерттеуі Бишімбаев ісі азаматтардың сот және құқық қорғау жүйесіне сенімі төмен екенін көрсетті. Осы себепті құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талаптарды арттыру Қазақстандағы тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресудегі негізгі шараға айналғаны анық. Ал әлеуметтік-экономикалық мәселелер аясында экс-министрдің ісі өзіндік әлеуметтік қозғаушы күшке айналып, тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін түсінуді жаңа деңгейге көтерді.