25 мау, 2024 сағат 17:13

Қазақстандықтар енді жұмысты бір сағат ерте бастай алады

Сурет: ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтардың жұмысқа бір сағат ерте шығу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. 

Еңбек министрінің мәлімдеуінше, бұл жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы шартқа байланысты. 

"Бізге көптеген өтініштер түседі, біз оларға жауап береміз. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасында шарт жасалады, ал жұмыс кестесін екі тарап жасайды. Қараңғыда жұмыс істегісі келмесе, жұмыс берушімен келіссөз жүргізіп, жұмыс кестесін қайта қарауына болады. Негізі бұл қиын сұрақ емес", – деді Светлана Жақыпова үкіметте өткен брифингте.


Оның айтуынша, жеке және бюджеттік ұйымдарға тиісті ұсыныстар жолданған.

"Біз ұсыныстарды жібердік, яғни жұмысты бір сағат бұрын бастауға болады. Негізі келісім екі жақты жасалады, бұл Еңбек кодексінде, заңға сәйкес көрсетілген", – деді министр.