Фото: Mobilaser.com
Қазақстанда дербес деректерді қорғау және электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) саласындағы әкімшілік жауапкершілік ережелері күшейтілді. Жаңа нормалар 2025 жылғы 13 наурыздан бастап күшіне енді, деп хабарлайды Ult.kz.
Енді жеке және заңды тұлғалардың дербес деректерді қорғау және ЭЦҚ пайдалану салаларындағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік мерзімі екі айдан бір жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл көлемі үш есе ұлғайтылды. Бұрын бұл айыппұлдар 10-нан 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін болса, енді 30-дан 2000 АЕК-ке дейін көтерілді.
Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңды бұзатындарға жаңа жауапкершілік түрлері енгізілді. Енді басқа адамның ЭЦҚ кілтін заңсыз пайдаланғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 640-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Бұған дейін мұндай жауапкершілік тек ЭЦҚ кілтін үшінші тұлғаларға заңсыз бергені үшін қолданылған еді. Енді кілтті заңсыз берген де, оны пайдаланғандар да жауапқа тартылады.
Бұл шаралар азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуге, ЭЦҚ пайдалану қауіпсіздігін арттыруға және ақпараттандыру саласындағы алаяқтықты азайтуға бағытталған.