08 қаң, 2024 сағат 15:44

Қазақстандық соттарға тұрғынды уақытша үйінен шығару құқығы берілуі мүмкін

фото: freepik.com

Қазақстандық соттарға тұрғындарды үйінен шығару құқығы берілуі мүмкін. Бұл бастама туралы толығырақ Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің апта сайынғы брифингінде Зұлхайыров әйелдер мен балалар құқығын қорғауға, сондай-ақ отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған заңнамалық түзетулер туралы айтты.

"Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыру жоспарланып отыр. Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар шеңберінде сотқа агрессорды тұрғын үйден уақытша шығару құқығы беріледі. Бұл ретте оған әлеуметтік бейімдеу орталықтарында өз әрекеті туралы ойлану ұсынылады. Сондай-ақ, сот агрессорды денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психокоррекциялық курстардан өтуге міндеттеуге құқылы", - деді ол.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасы орынбасарының айтуынша, Қылмыстық кодекс аясында мінез-құлыққа осындай ерекше талаптар белгіленеді. Сондай-ақ, Зулхайыров Ішкі істер министрлігінде осы мәселелермен арнайы айналысатын тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін мамандандырылған бөлім құру жоспары барын еске салды.