11 нау, 2025 сағат 11:50

​​Қазақстандық оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?

Фото: Pexels.com

Үшінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Көктемгі каникул кезеңі 2025 жылдың 21-наурызы мен 2025 жылдың 31-наурызын қоса алғанда он бір күнге  жалғасады, деп хабарлайды Ult.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді.

Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:

  • • театр фестивальдері мен қойылымдары;
  • • шеберлік сабақтары;
  • • қауіпсіздік сабақтары;
  • • мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
  • • спорттық ойындар;
  • • қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.
"Ең бастысы - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады", - делінген хабарламада.