Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов «Елде вакциналау міндеттелуі мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Менің ойымша, ПТР тестілерден өту емес, қалай болғанда да бәріміздің вакцина алғанымыз дұрыс болады. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Сіздер де бұл бағытта қолдау көрсетесіздер деп ойлаймын. Ал қалғаны эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ. Қатаң нұсқаларға жол бере алмаймыз», - деп жауап берді спикер ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде.
Осыған байланысты спикер ведомствоаралық комиссияның вакцина салдыру бойынша алғашқы қадамдар жасағанын атап өтті.
«Ведомствоаралық комиссияда қаралған шаралар қабылданды. Іс жүзінде барлық өңірлерде бірінші кезекте қызмет көрсету саласында маңызды қадамдар қабылдау бойынша жедел дайындық жүріп жатыр, ол туралы біз сіздермен сөйлестік. Сондықтан біздің алдағы әрекеттеріміз осы жұмыстың нәтижелеріне байланысты болады. Біз осының бәрін қадағалайтын боламыз және сіздер де хабардар боласыздар», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Ал денсаулық сақтау министрі вакцина салдыру міндетін барлығына бірдей енгізу үшін заңнамаға өзгеріс енгізу керектігін жеткізді. Оған да біраз уақыт қажет.
"Кез келген заңды өзгерту үшін оны талқылаудан өткізу керек. Оған кем дегенде жарты жыл кетеді. Ондай өзгерістер мен түзетулерді енгізу үшін кей кезде бір жыл қажет. Дегенмен, қазіргі кезде бір қолданыстағы заңнаманың механизмдерін іске қосып жатырмыз, кейбір адамдарға таңдау беріп отырмыз. Вакцина салдыра ма, ПТР-тест тапсыра ма, өздері шешеді. Жалпы, халық үшін екпе салу ерікті түрде болып қалып отыр", - деді Цой.
Айта кетейік, коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қызмет көрсету саласында, өнеркәсіп кәсіпорындарында және өзге де 20 адамнан асатын ұжымдарда міндетті вакциналауды енгізуді ұсынды. Ал екпеден бас тартқандар апта сайын ПТР-тест тапсырады. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысынан кейін осы талаптар заңды күшіне енеді.
