18 шіл, 2024 сағат 18:41

Қазақстанда тек 19 адам ғана лудоман ретінде ресми есепке тұрған

Сурет: ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда «лудоман» диаогнозымен небәрі 19 адам ресми есепте тұр. Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев бұл статистика елдегі шынайы картинаны көрсетпейтінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, құмар ойынға салынғандар мемлекеттік клиникаларға бара қоймайды. Себебі лудоман ретінде есепке тұрудың өз қиындығы бар.

«Лудомандар көмек үшін мемлекеттік клиникаларға жүгінбейтіні жасырын емес. Себеп – бұл осындай пациенттердің динамикалық есебі. Есепке алынған азаматтар жоғары оқу орындарына түсе алмайды, әскерде қызмет етпейді немесе жұмысқа тұра алмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, ресми есепте небәрі 19 лудоман тұр. Әрине, бұл статистика елдегі шынайы жағдайды көрсетпейді», - деді Төлебаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.


Ол көптеген лудоман қыруар ақша төлеп жекеменшік клиникаларда реабилитациядан өтетінін атап өтті.

Айтуынша, енді мемлекеттік клиникаларда да анонимділік сақталады. Осылайша лудомандар тегін медициналық көмекпен қамтылады.