Фото: Pexels.com
28 сәуірде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Бұл күн жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне назар аудару мақсатында белгіленген, деп хабарлайды Ult.kz.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда зардап шеккендердің саны 6,3%-ға, қаза тапқандар саны 2,9%-ға азайды.
2024 жылы 679 мың жұмыскер зиянды еңбек жағдайлары үшін өтемақы алды. Жұмыс берушілер бұл мақсатқа 297,4 млрд теңге бөлген. Сонымен қатар, ел бойынша 7,7 мыңнан астам өндірістік объектілер аттестаттаудан өтті, ал 3262 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі стандарттарын енгізді.
«Vision Zero» тұжырымдамасы аясында 605 кәсіпорын өндірістік жарақаттану деңгейін нөлге дейін төмендетуге бағытталған шараларды қабылдады. 2024 жылғы қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегендерге арнаулы әлеуметтік төлемдер тағайындалды.
Еңбекті қорғау саласындағы инновацияларды талқылау үшін 2025 жылдың 28-30 мамырында Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференция өтеді.
Қазақстанның 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында цифрлық еңбек тәуекелдерінің картасы іске қосылып, қауіпсіздік деңгейін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беруде.