Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда әлемге әйгілі New York Film Academy (NYFA) филиалы өз жұмысын бастады. Бұл – АҚШ-тан тыс жерде ашылған үшінші кампус және Қазақстандағы алғашқы әлемдік деңгейдегі шығармашылық университет, деп хабарлайды Ult.kz.
Академияның ашылуы туралы келісімге қол қою рәсімі 1 наурызда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен NYFA президенті Майкл Янгтың қатысуымен өтті.
Алматы маңындағы Қаскелең қаласында орналасқан Energo University-дің Креативті индустриялар паркі аумағындағы заманауи кампус 2025 жылдың 29 қыркүйегінде алғашқы студенттерін қабылдайды.
NYFA филиалы бес негізгі бағыт бойынша оқытуды бастайды:
- Кино (Filmmaking)
- Продюсерлік ету (Producing)
- Сценарий жазу (Screenwriting)
- Анимация және визуалды әсерлер (3D Animation & VFX)
- Ойын әзірлеу (Game Design)
Сабақтарды АҚШ-тан арнайы шақырылған кәсіби оқытушылар жүргізеді. Оқу бағдарламалары бір жылдық және қысқа мерзімді курстардан тұрады.
Академияның алғашқы жылы Қазақстаннан және көрші елдерден (Қытай, Үндістан, Ресей және т.б.) 200 студент қабылдау жоспарланып отыр. Оқуды аяқтаған түлектерге NYFA дипломдары беріледі және оқуын Нью-Йоркте немесе Лос-Анджелесте жалғастыру мүмкіндігі ұсынылады.
Қосымша ақпарат алу үшін төмендегі нөмірлерге хабарласуға болады:
- Қабылдау комиссиясы: +7 707 600 6493
- NYFA ресми өкілі (Алматы): +7 701 999 0321