29 сәу, 2025 сағат 11:19

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды қолдау шаралары кеңейтілуде

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда 737 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат өмір сүріп жатыр. Олардың 56%-ы еңбекке қабілетті жаста, 28%-ы зейнеткерлік жасында, ал 15%-ы 18 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Ult.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік қолдау және оңалту шаралары
Мүгедектігі бар азаматтар үшін көп деңгейлі әлеуметтік қолдау жүйесі жұмыс істейді. Олар:

  • Протездік-ортопедиялық көмек көрсету, сурдо-тифлотехникалық құралдар мен кресло-арбалар ұсыну;

  • Санаторийлік-курорттық емдеу және жеке көмекші қызметтерін ұсыну;

  • Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар арқылы қолдау.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 541,1 мың адамды құрады. Орташа төлем көлемі – 78 763 теңге.

Инклюзивті саясат және инфрақұрылым бейімдеу
2024 жылдың желтоқсанында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданды. Оның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірге толыққанды тарту.

2023-2027 жылдар аралығында 42 мыңнан астам әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу жоспарланған. Қазіргі таңда 23 мыңнан астам нысан бейімделген.

Оңалту орталықтары мен қызметтерін дамыту
Мүгедектігі бар балалар мен ересектер үшін жаңа оңалту орталықтары ашылып жатыр. Семей және Тараз қалаларында 150 орындық ірі орталықтар іске қосылды, ал 2025 жылға дейін тағы 10 өңірде орталықтар ашу жоспарланған.

Цифрландыру және портал арқылы қызмет көрсету
2020 жылдан бері Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылып, мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарын өз бетінше таңдауға мүмкіндік берді. 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін 211,6 мыңнан астам тапсырыс орындалды.

Мемлекет мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды жалғастырып, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шараларды күшейтуді жоспарлап отыр.