Қазақстанда коронавирус пен коронавирусқа ұқсас пневмония жұқтырғандар көбейіп жатыр. 27 маусымда 1701 науқас анықталған. 1686-ының ПТР тесті оң шыққан. Қазақстан билігі науқастардың көбеюін елде коронавирустың жылдам тарайтын түрі "үндістандық штамның" келуімен түсіндіреді.
Жексенбі күні Нұр-Сұлтанда – 507, Қарағанды облысында – 278, Алматыда – 215, Шымкентте – 103, Батыс Қазақстан облысында 101 адамның ПТР тесті оң шыққан. Қалған облыстар мен қалаларда анықталған науқастар жүзге жетпейді.
Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстары коронавирус бойынша "жасылдан" "сары аймаққа" өтті. Бұған дейін "сары аймақта" үш облыстан бөлек, Шымкент, Қостанай және Маңғыстау облыстары болған. Қазір "жасыл аймақта" Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары ғана қалған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары "қызыл аймақта" тұр.
26 маусымда 11 адам қайтыс болған: 10 адамның өліміне – коронавирус, 1 адамның өліміне коронавирус пневмониясы себеп болды деп айтылады.
2020 жылдың наурыз айынан бері елде 419 800 адамның ПТР тесті оң шыққан, 4316-сы қайтыс болған. Коронавирус пневмониясын жұқтырғандар 56 940 адамға жетті. 3443-і көз жұмған.
28 маусымдағы деректер бойынша, қазір ел өңірлерінде 24 001 адам коронавирус инфекциясынан (22 707 КВИ+ және 1 294 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 7 307 пациент - стационарда, 16 694 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
- 474 адамның жағдайы ауыр,
- 98 пациенттің жағдайы өте ауыр,
- 66 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Соңғы мәлімет бойынша, 3 млн 165 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 905 мың адам екі дозасын алған.
Билік халықтың ынтасын ояту үшін бұған дейін вакцина алушылар арасында пәтер, көлік сияқты қымбат сыйлықтар ойната бастаған. Ақпаратқа қарағанда, осыдан соң Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында вакцинаға кезек көбейген. 27 маусымда елде 48 мың адамға вакцина салынған. Дегенмен елде "жалған вакцина алушылар қатары" көбейгені туралы да ақпарат бар.
Аймақтар бойынша коронавирус жұқтырғандар саны:
Нұр-Сұлтан қаласы - 507
Алматы қаласы - 215
Шымкент қаласы - 103
Ақмола облысы - 43
Ақтөбе облысы - 35
Алматы облысы - 33
Атырау облысы - 73
Шығыс Қазақстан облысы - 70
Жамбыл облысы - 36
Батыс Қазақстан облысы - 101
Қарағанды облысы - 278
Қостанай облысы - 42
Қызылорда облысы - 28
Маңғыстау облысы - 38
Павлодар облысы - 33
Солтүстік Қазақстан облысы - 13
Түркістан облысы - 38
