21 қаз, 2021 сағат 11:05

Қазақстанда коронавирус пен пневмония жұқтырғандар миллионнан асты


Қазақстанда коронавирус пен "ковидтектес" пневмонияға шалдыққандар миллионнан асты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2020 жылдың наурызынан бері елде 923 060 адамның анализінен коронавирус анықталған. 866 242 адам айыққан. 11 847 адам қайтыс болған.

Халықаралық ұйымдар "ковидтектес" пневмонияға шалдыққандарды Covid статистикасына қосуға кеңес бергенмен Қазақстан бөлек есептеп келеді. 2020 жылдың тамызынан бері 78 309 адам "ковидтектес" пневмонияға шалдыққан. 66 974 адам жазылған. 4988 науқас қайтыс болған. 

Денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бері індеттің бәсеңдегенін айтқан. Қазір күніне 1500-2000 айналасында науқас тіркеліп жүр. 20 қазанда 1844 адамның ПТР тесті оң шыққан, 151 адам "ковидтектес" пневмонияға шалдыққан. 


Бір күнде 41 адам қайтыс болған: 32 адам – коронавирустан, 9 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған деп айтылады. 

21 қазандағы мәлімет бойынша, елде 51 318 адам коронавирус инфекциясынан (–44 971 + және 6 347 КВИ-) емделіп жатыр. Оның ішінде 8 851 пациент стационарда, 42 467 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

634 адамның жағдайы ауыр,

165 пациенттің жағдайы өте ауыр,

103 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Қазақстанда 7,2 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 900 мың адам екінші дозасын күтіп отыр.