23 қаз, 2024 сағат 12:20

Қазақстанда кәмелет жасына толмай тұрмысқа шыққан қыздардың саны өскен


Фото: pixabay.com


Қазақстанда кейінгі бес жылда кәмелет жасына толмай тұрмысқа шыққан қыздардың саны өскен, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 


Мысалы, 2019 жылы 16-18 жас аралығындағы 7 406 бұрымды тұрмысқа шыққан екен. Ал 2022 жылы 8 502 бойжеткен келін атанған.


Статистикалық деректерге сәйкес, тұрмысқа ерте шығатындар әсіресе Түркістан, Жамбыл және Алматы өңірлерінде көп. Мәселен, былтыр Түркістанда 1 332, Жамбылда 886, Алматы облысында 688 қыз 18 жасқа толмай жатып күйеуге тиіп үлгерген. 


Заңгер  Бағдат Амандосұлының айтуынша, елімізде осындай жайттар заңның шикілігінен болып жатыр. 


“Неке және отбасы туралы кодексте нақты неке жасы көрсетілген. Ол 18 жастан басталады. Алайда заң 18 жасты төмендетуге  жүктілік болса, ортақ бала болса ата-аналардың келісімімен кәмелетке толмағандарға некелесуге рұқсат береді. Осы заңның шикілігі қоғамды алаңдатып отыр. Елімізде 18-ге толмайынша тұрмыс құруға болмайды деген нақты тыйым салу керек. Егер кәмелетке толмағандар отау құрса, онда олардың заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту керек. Себебі кәмелетке толмағандардың әрекет қабілеттігі толық болмайды. Егер қыздың кәмелетке толмағанын ер адам білсе, онда қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. 3 жылдан 6 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады”, – деді заңгер.