Фото: ҚР ДСМ
Қазақстан Республикасында жыл сайын балалар арасында 800-ден астам онкологиялық және гематологиялық аурулардың алғашқы жағдайы анықталады, олардың шамамен 600-і қатерлі ісіктерге, соның ішінде гемобластоздарға, ал 200-ге жуығы ауыр сипаттағы қатерсіз гематологиялық патологияларға тиесілі, деп хабарлайды Ult.kz.
Соңғы 10 жыл ішінде балалар арасындағы қатерлі жаңа өскіндерге шалдығу деңгейі тұрақты сақталып отыр және 100 000 балаға шаққанда 9,7 жағдайды құрайды.
Қатерлі ісіктер құрылымы халықаралық деректермен ұқсас:
- • жедел лейкоздар — 30%-дан астам,
- • орталық жүйке жүйесінің ісіктері — шамамен 17%,
- • лимфомалар мен нефробластомалар — 10–11%,
- • нейробластомалар — шамамен 7%.
Иммунотерапия мен таргеттік терапияны қоса алғанда, заманауи емдеу әдістерін енгізудің нәтижесінде Қазақстанда балалар арасындағы қатерлі ісіктерден аман қалу көрсеткіші 70%-дан асады.
Соңғы 5 жылда 40-тан астам бала нейробластома, лимфома және лейкозды емдеуде моноклоналды антиденелерге негізделген инновациялық дәрілік препараттар алған.
Гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды (ГБЖ) трансплантациялау еліміздің жетекші педиатриялық орталықтарында алғаш рет жүргізілген кезден бастап Қазақстанда барлығы 515 трансплантация жасалды, оның ішінде:
- • 230 аллогенді,
- • 205 аутологті,
- • 80 гаплоиденттік трансплантация.
2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан-Ресей гистотиптелген донорлар тіркелімінің кеңеюінің нәтижесінде туыстық емес аллогенді трансплантациялардың саны артып келеді. Қазіргі таңда тіркелімде 12 000-нан астам донор тіркелген, олардың 13-і қазақстандық балаларға донор болған. Сондай-ақ Германия, Ресей және Польша донорларының қатысуымен 28 трансплантация жүргізілді.
Ортопедиялық онкология саласында да оң динамика байқалады: елімізде сүйек ісіктері бар балаларға буындарды эндопротездеу табысты жүзеге асырылуда. Бұл ретте 3D-модельдеу технологиясы және кіші жастағы балаларға арналған «өсетін» протездерді орнату әдістері енгізілуде.
Сонымен қатар, әрі қарай дамытуды қажет ететін маңызды бағыттар мыналар:
- • онкогематологиялық аурулардан кейін балаларға көрсетілетін кешенді оңалту көмегі,
- • ауыр әрі ота жасауға келмейтін қатерлі ісіктері бар пациенттерге арналған балаларға паллиативтік көмек жүйесі.