Фото: Pexels.com
Мемлекет басшысының бастамасымен жетекші билік органдарында әйелдер үшін арнайы квоталар енгізіліп, бұл қадам елдегі гендерлік теңдікті арттыруға айтарлықтай үлес қосты. Қазіргі таңда Парламенттегі әйел депутаттардың үлесі 18,9%-ды (28 депутат), ал мәслихаттарда 22,7%-ды құрайды, деп хабарлайды Ult.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік басқару саласында да әйелдердің үлесі артып келеді. 21 министрліктің ішінде үш әйел министр, сегіз вице-министр және үш аппарат басшысы қызмет етуде. Сонымен қатар, судьялардың 53%-ы әйелдер болса, мемлекеттік қызметкерлердің жалпы санындағы әйелдердің үлесі 55,8%-ға жеткен.
Әйелдер кәсіпкерлігіне де үлкен қолдау көрсетілуде. Бүгінде шағын және орта бизнес иелерінің 48%-ы – әйелдер. «Даму» қоры арқылы 4,1 млрд теңгеге 105 мыңнан астам әйелдің жобасы қаржыландырылды. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы іске қосылып, үш жыл ішінде 3 660 әйелге баспана сатып алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, әйелдер мен балаларды қорғау мақсатында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданып, арнайы полиция бөлімшелері құрылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі үйлестіретін Отбасын қолдау орталықтарының саны да 33-тен 104-ке дейін артты.
Гендерлік саясат аясындағы жұмыстар халықаралық деңгейде де жоғары бағалануда. Қазақстан 1995 жылы Бейжің декларациясына қосылып, гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша тұрақты түрде шаралар атқарып келеді.
Қазақстан гендерлік теңдікті нығайту бағытындағы саясатын одан әрі жалғастыра отырып, әйелдер мен ерлер үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға ұмтылуда.
