Сурет: ашық дереккөз
Қазақстандағы әрбір төртінші лифт қауіпті. Ұлттық лифттер қауымдастығының мәліметінше, көп лифт жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет етеді. Лифтінің қызмет ету мерзімі – 25 жыл, ал көпшілігінің тұрғанына 25 жылдан асып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Ақтөбедегі тоғыз қабатты үйдің тұрғындары екінші жыл лифтсіз тұрып жатыр. 43 жыл жұмыс істеген лифт істен шықты. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында ол өшірілді. Енді ерекше қажеттігі барлар мен зейнеткерлер аптасына бір рет, тіпті одан да сирек көшеге шығады.
"Әрине, қиын. 6-қабатта екі балдаққа сүйеніп жүретін әйел тұрады. Оны үйдің жанына әкеліп тастаған, ол аяқкиімін шешіп, үйге жорғалап барған. 6-қабатқа жеткенде құлап қалған. Жақындары келіп, оны көтергенше ол бір сағат жерде жатты", – деді Ақтөбе тұрғыны Валентина Кашлева.
Ақтөбеде ескірген 338 лифт бар. 6 жыл бұрын 27 жастағы журналист лифтіде мерт болды. Осыдан кейін елімізде лифттерге қызмет көрсетумен айналысатын ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтілді. Олардың өнеркәсіптік қауіпсіздік сертификаты болуы керек және ұлттық стандартқа сай келуі қажет. Олардың жұмысын бақылау жергілікті атқарушы органдарға жүктелді.
"2 жыл бұрын модернизацияға өтінім берілді. Құжаттар жиналды. Протокол, құжаттары барлығы дайын. Енді республикалық қаржыландыруды күтіп отырмыз дейді. Адамдар қиналып жатыр, жедел жәрдемге де қиын, олар әжені 8-қабаттан әрең түсірген еді", – деді үй төрағасы Молдыбай Молдагереев.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бір ғана Ақтөбеден қаржыландыруға 118 өтініш түскен. Лифттерді жаңартуға 1 миллиард 118 миллион теңге қажет. Тұрғындар биыл қаржыландыруға үміттенгенімен, қолайсыз жағдай болды.
"Беларусьте жасалған лифттер. Өткен жылы олардың құны 9,1 миллион теңге болды. Бір лифт үшін 12 миллионға дейін. Қаладағы көптеген лифттердің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Бұл үйлерде жиналыстар өтіп, тұрғындардың хаттамалары мен келісімдері негізінде құжаттарын дайындап жатырмыз", – деп мәлімдеді тұрғын үй инспекциясы бөлімінің секторы басшысы Нұржан Нағынымбетов.
Қазақстан бойынша 6700 лифтіні жаңғыртуға қауымдастықтың есебі бойынша шамамен 80 миллиард теңге қажет. Елімізде барлығы 30 мыңға жуық тұрғын үй лифттері бар. Ал коммерциялық және мемлекеттік мекемелерде – 15 мың.