21 сәу, 2026 сағат 17:23

Қазақстан мен Моңғолия президенттері мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтпақ

Фото: Ақорда

Қазақстан мен Моңғолия президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Моңғолияны аймақтағы маңызды серіктес әрі тату көрші ретінде атап, Президент Ухнаагийн Хурэлсухтың елімізге сапарына айрықша мән беріп отырғанын айтты.

– Біздің тарихымыз бен тамырымыз – ортақ. Екі ел де көшпенділер өркениеті мен «киіз үйлер» мәдениетінің мұрагері саналады. Қос халықтың болмысы мен рухани дүниесі, өмір салты мен әдет-ғұрпы – үндес. Сондықтан біз әрдайым бір-бірімізге тілектес болып, жетістіктерімізге шынайы қуанамыз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Моңғолияның қарым-қатынасы тың қарқынмен дамып келе жатыр. Осыдан бір жарым жыл бұрын Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Қадірлі Президент Ухнаагийн Хурэлсух мырзаның және барша моңғол халқының ықылас-ілтипатын әрдайым ризашылықпен еске аламын. Сол сапар барысында Cтратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойдық. Бұл – мыңжылдық бауырластығымызды біржола бекіте түскен тарихи құжат. Қазіргі таңда екі елдің парламенттері мен құзырлы министрліктері тығыз байланыс орнатқан. Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес табысты жұмыс істеп келеді. Президент Хурэлсухтың бүгінгі сапары осы ынтымақтастықты нығайта түсері анық, – деді Қазақстан Президенті. 


Қазақстан президенті елдеріміздің білім-ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға мол мүмкіндік барын атап өтті.

– Былтыр Астанада өткен «Silk Way Star» халықаралық вокалдық конкурсында Моңғолияның Мишель атты әншісі бірінші орын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мұндай жобалар халықтарымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын бекемдейтіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жыл сайын моңғол азаматтарына білім гранттарын бөліп келе жатқанына назар аударды. 

– Біз грант санын көбейтіп, Моңғолияға қажетті мамандар дайындау ісіне атсалысуға әзірміз. Биыл Моңғолияда «Study in Kazakhstan» білім жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар біз Ұлан-Батыр қаласында Қазақстанның іргелі университетінің филиалын ашуды ұсындық. Бұған қоса, екі елдің қалалары арасындағы бауырластық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға келістік. Бұл шаралар елдеріміздің достығын бекемдеуге, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты күшейтуге жол ашады. Осы жұмысты жалғастыра беру маңызды деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары өте нәтижелі өтіп жатқанын айтты.

– Қазақстан мен Моңғолияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдары – ұқсас. Ертең өтетін Экологиялық саммит – соның айқын көрінісі. Біз Моңғолиямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша көңіл бөлеміз. Халықаралық ұйымдар аясында біз бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп келеміз. Бұл елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және өзара сенімінің нақты көрінісі екені анық. Мен мұны жоғары бағалаймын, – деді Қазақстан Президенті.