Фото: Pexels.com
2024 жылдың 1 қазанына қарай Қазақстан халқының саны 20 223 218 адамға жетті. Оның ішінде қала тұрғындары – 12,7 миллион, ал ауыл тұрғындары – 7,5 миллион адамды құрайды. Жыл басынан бері халық саны 189 376 адамға көбейген, деп хабарлайды Ult.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Жылдың алғашқы 9 айында елде 278,7 мың сәби дүниеге келсе, 99,5 мың адам қайтыс болған. Табиғи өсім 179,2 мың адамды құрады. Туу көрсеткіші бойынша Түркістан, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы алдыңғы қатарда тұр, ал өлім көрсеткіші ең жоғары аймақтар – Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары.
Осы кезеңде 95 мың неке қиылып, 29,3 мың ажырасу тіркелді.
Қазақстанға келушілер саны 20 383 адамды құраса, елден кеткендер саны 10 201 адамды құрап, көші-қон айырымы 10 182 адамды көрсетті. Елге келгендер саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға артса, кеткендер саны 19,9%-ға азайды. Ел ішіндегі көші-қон да өсіп, өңіраралық көші-қон бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы облысы халық санының оң айырымына ие болды.