15 сәу, 2025 сағат 10:54

Қазақстан ЕАЭО елдері арасында жұмыссыздық бойынша бірінші орынға шықты

Фото: Pexels.com

Және ол – жұмыссыздық бір жылда артқан ЕАЭО-дағы жалғыз ел, деп хабарлады Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК). Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Еуразиялық экономикалық комиссия 2025 жылдың ақпан айына арналған жұмыссыздық статистикасын жариялады. Бұл мәліметке сәйкес, ЕАЭО елдерінде ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 704,9 мың адам.

Соның жартысына жуығы — 333,1 мыңы — Қазақстанға тиесілі. Қалған елдердегі көрсеткіштер мынадай:

▪️ Ресей — 283 мың
▪️ Қырғызстан — 48,4 мың
▪️ Армения — 37,1 мың
▪️ Беларусь — 3,3 мың

Ресми жұмыссыздық деңгейі де өскен. ЕЭК дерегінше, 2024 жылдың басында Қазақстанда жұмыссыздар саны 306,1 мың адам болған. Ал қалған елдердің барлығында бұл көрсеткіш төмендеген. Соның ішінде, былтыр бұл тізімде бірінші орында тұрған Ресейде (406,3 мың жұмыссыз) де көрсеткіш азайған.

Жалпы ЕАЭО бойынша ресми жұмыссыздық деңгейі 14,8 пайызға төмендеген. Ал Қазақстанда, ЕЭК бағалауы бойынша, керісінше 0,3 пайызға артқан.