Фото ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Ақтау әуежайы ұшақтың қонуына дайын болды, ал диспетчер әуе кемесінің қауіпсіз қонуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны жедел түрде қабылдады. Бұл туралы брифингте көлік министрі Марат Қарабаев хабарлады, - деп хабарлайды Ult.kz Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қарабаев әуежайдың апаттық қызметтері ұшақты қабылдауға дайын болғанын айтты.
"Экипаж Қазақстанның әуе кеңістігіне кіргеннен кейін Ақтау әуежайы диспетчерлік қызметімен байланыс орнатты. Диспетчер әуе кемесінің аэродромға қауіпсіз қонуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдады.
Одан бөлек, қону алаңымен визуалды байланысты жеңілдету үшін ұшу-қону жолағының жарықтары қосылды. Экипаж Ақтау әуежайының ұшу-қону жолағына екі рет қонуға тырысты, бұл кезде ұшақтың биіктегі қозғалысында өзгерістер байқалды. Содан кейін әуе кемесі жағалауға қарай бағыт алды. Сағат 11:28-де экипажбен байланыс үзіліп, одан кейін әуе кемесі құлады", - деп түсіндірді министр.
Әуе кемесінің құлаған орнына алғашқылардың бірі болып Ақтау әуежайының құтқару қызметтері мен өңірдің ТЖД өкілдері жетіп, жедел түрде жолаушыларды эвакуациялауға кірісті, деп қосты Қарабаев.
"Бүгінде арнайы комиссияның тергеуі жүргізіліп жатыр, оның құрамына Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеу департаментінің мамандары кірді", - деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ брифингіде Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының бортында болған барлық қазақстандықтың қаза тапқаны айтылды.
Еске салайық, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) ұшқан Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтаудан үш шақырым жерде апатқа ұшырады. Жолаушылар ұшағы қалың тұман салдарынан Грозныйға қона алмай, әуелі Махачкалаға, кейін Ақтауға бағытталған.