28 нау, 2025 сағат 16:21

Қай өңірлерде ораза ұстаушылар көп екені белгілі болды

Фото: depositphotos.com

29 наурызда мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы аяқталады. 30 наурызда Ораза айт басталады, деп хабарлайды Ult.kz.

Қоғамдық саясат институты 2025 жылдың 17 ақпанынан 6 наурызына дейін жүргізген сауалнама деректеріне сәйкес, респонденттердің 38,9%-ы Ораза ұстау ниеттерін білдірген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары (2022 жылы – 35,2%, 2024 жылы – 32,3%), яғни 6,6%-ға өскен.

Аймақтық талдау нәтижелері бойынша, ораза ұстаушылардың ең көп үлесі елдің оңтүстік және батыс өңірлеріне тиесілі. Көшбасшы Шымкент қаласы, мұнда 80,4% респондент Ораза ұстауға ниетті екенін айтқан. Сондай-ақ Түркістан (75%), Ақтөбе (58,3%), Қызылорда (54,8%) және Алматы (50%) облыстарында жоғары көрсеткіштер тіркелген.

Ауыл тұрғындары арасында ораза ұстау деңгейі (45,1%) қала тұрғындарымен салыстырғанда (35,4%) жоғары.

Жас ерекшеліктері бойынша талдау көрсеткендей, респондент жасы кіші болған сайын, ораза ұстау ықтималдығы артады. Мәселен, 18–29 жас аралығындағы жастардың 43,5%-ы ораза ұстауға дайын екенін айтса, бұл көрсеткіш 30–45 жастағыларда – 40,3%, 46–60 жастағыларда – 37,1%, ал 61 жастан асқандарда – 29,6%.

Бұрынғыдай, гендерлік айырмашылықтар статистикалық тұрғыдан елеусіз: ерлердің 39,5%-ы және әйелдердің 38,4%-ы ауыз бекітуге дайын.

Ораза ұстау жоспарларына діни сенім деңгейі елеулі әсер етеді: дін талаптарын қатаң ұстанатын респонденттер арасында ораза ұстау ықтималдығы жоғары.

Сондай-ақ отбасыдағы балалар саны мен Ораза ұстау арасындағы байланыс анықталды: балалар саны көп болған сайын, ауыз бекіту ықтималдығы артады.

Білім деңгейі бойынша да ұқсас үрдіс байқалады: жоғары білімді респонденттер арасында ораза ұстау үлесі жоғары.

Дегенмен, сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы (53,5%) ораза ұстауды жоспарламағанын атап өткен.