Фото: optimism.kz
Жайылатын кез келген дастарханда ысырапқа жол бірілмеу керек. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті, деп хабарлайды Ult.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
- Ислам дініміз адамға ешқашан қиыншылықты бұйырмайды. Сондықтан шамасы келген адам садақа мен ауызашар береді. Қарызға батып, ауызашар бергеннен гөрі, ауызашар беруге ниет қылып, яғни кішкене құрма немесе бір жұтым суды ауызашар ретінде берсе, соның өзі жеткілікті. Осы арқылы ауызашардың сауабын алады, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Осы орайда Бас мүфти шариғат бойынша жайылатын кез келген дастарханда ысырапқа жол бірілмейтінін еске салды.
- Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. Біз де заман үдерісінен барынша қалыс қалмауға тырысып, қасиетті Рамазан айы қарсаңында арнайы бірнеше жобаны қолға алдық. Нақты айтқанда, MuftyatBot деп аталатын Телеграм-ботын іске қостық. Жаңа Телеграм-бот арқылы жалпы діни сұрақтарға жауап алуға болады. Яғни бұл жоба шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған. Сонымен қатар, мүфтият мамандары облыс, қала, аудан және ауылдың, барлығын есептегенде еліміз бойынша 6 000 елді мекеннің ораза және намаз кестесін жоғары сапада ПДФ форматта muftyat.kz сайтына жариялады. Өзіңізге қажетті өңірдің ораза және намаз кестесін сайтымыздан және Телеграм боттан жүктеп алуға болады, - деді Бас мүфти.
Сондай-ақ Мүфтият жанындағы Діни ақпарат беру, яғни колл орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Колл орталықтың нөмірі – 8 707 233 30 30.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталатынын хабарлап отыр. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн — Қадір түні, ал 30 наурыз — Ораза айт мерекесі.
Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бас мүфти кәсіпкерлерді азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды.