12 нау, 2021 сағат 11:28

Карантин: Алматының Медеу ауданындағы 8 нысан сот шешімімен жұмысын тоқтатты

Алматыда Медеу ауданындағы бірқатар мекеменің қызметі карантин шараларын бұзғаны үшін сот шешімімен тоқтатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы аудан әкімі Әсет Масабаев пен Медеу ауданы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қасымхан Алпысбайұлы өткізген брифингіде айтылды. 

Коронавирус инфекциясын таратпау, карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуын анықтау мақсатында ауданда мониторинг топтары жұмыс істеп жатыр.

«Жұқтыру қаупі жоғары орындар - қызметіне тыйым салынған мейрамханалар, клубтар. Ауданда адамдар көп жиналатын негізгі орындар, яғни қауіпті деп - «Небо», «Манана», «Бла Бла», «Артист (бұрынғы БХБ)», «Барвиха», «Бармаглот», «Синий фантомас», «Танцы бары» сияқты түнгі мекемелерді атауға болады. Мысалы, аталған түнгі клубтардың барлығы карантин шараларын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деді Әсет Масабаев.

Бүгінгі күні аудандық Полиция басқармасынан Медеу ауданының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 105 шұғыл хабарлама келіп түсті. 

92 хаттама толтырылды, оның ішінде: 37 заңды тұлғаға 12,4 млн теңге; 55 жеке тұлғаға 2,4 млн теңге айыппұл салынды. Барлығы сотқа 16 материал жіберілді.

«Оның ішінде 2021 жылдың басынан бері қабылданған шаралар бойынша 8 нысан:

1. «Бармаглот» бары, Әл-Фараби даңғылы 116/21 – 10 ақпанда 100 АЕК (277 800 теңге) мөлшерінде әкімшілік хаттама және 1 айға қызметін тоқтату;

2. «Dreams Almaty» лаундж бары, Ғ.Қайырбеков көшесі 35а, 15 ақпаннан бастап 100 АЕК түрінде (277 800 теңге) әкімшілік хаттама және 1 айға қызметі тоқтатылды.

3. «Пугасов» мейрамханасы Абдуллиндер көшесі 70, 16 ақпаннан бастап 100 АЕК көлемінде әкімшілік (277 800 тг) хаттама толтырылды және 1 айға қызметі тоқтатылды.

4. «Manana» мейрамханасы Достық даңғылы 535, 17 ақпаннан бастап қызметі 15 күнге тоқтатылды.

5. «Orda Game Center» компьютер клубы, Бәрібаев көшесі 43-10, ақпаннан бастап қызметін 30 күнге тоқтату;

6. «Бильярд клубы» Абдуллиндер көшесі 50, 5 наурыздан бастап карантин шаралары алынғанға дейін қызметін тоқтату;

7. «Loto Club» бинго клубы Гоголь көшесі 2, 5 наурыздан бастап карантин шаралары жойылғанға дейін қызметін тоқтата тұру;

8. «Loto Club» бинго клубы Пушкин көшесі 44/51, 5 наурыздан бастап карантин шаралары алынып тасталғанға дейін қызметі тоқтатылды.

«Соттың қарауында 8 материал бар», - деді Әсет Масабаев.

Тұрғындар Медеу ауданы бойынша 8-701-378-4468, 8-778-163-0103 нөміріне хабарласып шағым қалдыра алады.