
Қарағанды қаласында көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, мамандар 19 адамды құтқарып, эвакуациялады. Ысты газға уланған қарт әйел жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қарағанды қаласы Күзембаев көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама 10 наурыз, сағат 03:26-да түскен.
Шақыру орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшелері кіреберістегі қатты түтінді байқаған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің екі тобы барлауға, подъезд тұрғындарын құтқаруға және эвакуациялауға бағытталды.
«Қатты түтіннің салдарынан 4-ші қабатта орналасқан пәтерден өз бетінше эвакуациялануға тырысқан анасы мен баласы табылды. 1946 жылы туған әйел улы газдан уланып, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды», - деп мәлім етті Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Өрт сөндіруші-құтқарушылар автосатының көмегімен осы кіреберістің пәтерлерінен 4 адам, оның ішінде 3 баланы құтқарды. Сондай-ақ, баспалдақ маршы бойынша 15 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды.
Бесінші қабаттағы пәтерден екі адам ауруханаға жатқызылды – ана мен бала иіс тиіп уланған.
Жалын 1-ші қабаттағы баспалдақтың астында орналасқан ағаш қоймадан шыққан. Өрт сөндірушілер жанып жатқан қоймадан сыйымдылығы 27 литр бос газ баллонын алып шықты. Өрттің жалпы ауданы 3 шаршы метрді құрады.
Өрт болған жерге Қарағанды облысы ТЖД-нің 12 адамы мен 3 техникасы жұмылдырылды. Қабылданған шаралармен өрт сағат 03:49-да сөндірілді.
Алдын ала болжам бойынша өрттің себебі ашық от көзі болды.
ТЖД мамандары өрт шыққан кезде ұстанатын ережелерді еске салады:
- Өрттің алғашқы белгілерінде бірден 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет. Ешбір жағдайда дүрбелеңге бой алдырмаңыз!
- Қатты түтінді кеңістікте еңбектеп немесе еңкейіп қозғалу керек. Себебі төменде түтін аз болады. Мұрын мен ауызды дымқыл шүберекпен, сүлгімен және өзге затпен жабу керек.
- Егер шығу жолы от немесе түтінмен жабық болса және баспалдақ маршымен жүгіруге мүмкіндік болмаса, балконға шығып, балкон есігін мықтап жауып немесе терезе алдында тұру керек.
- Есіңізде болсын! Өрт кезінде лифтіні пайдалануға тыйым салынады.
Сондай-ақ құтқарушылар азаматтардан өз қауіпсіздігі мәселесіне мұқият, байыпты қарауды және тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды:
- сөндірілмеген темекілерді, сіріңкелерді, шырақтарды және басқа да от көздерін қалдырмаңыз;
- электр сымдары мен аспаптарының жарамдылығын қадағалаңыз;
- электр желілерін шамадан тыс жүктемеңіз;
- тек жарамды пеш, газ, электр жабдықтарын пайдалану қажет.
