30 нау, 2021 сағат 15:10

Қарағанды облысының оқушылары төртінші тоқсанда қалай оқиды?

1 сәуірден бастап Қарағанды облысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, оның ішінде топтағы бала саны 25 адамнан аспайтын шағын орталықтардың қызметі қайта жанданады. Алайда «қызыл» аймақта орналасқан Қарағанды, Приозерск, Шахтинск қалалары мен Ұлытау ауданында балабақшаларда кезекші топтар ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы және мектеп оқушыларының төртінші тоқсанда қалай оқитыны жайлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова айтып берді. 

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, егер аймақтар коронавирустың таралу қарқыны бойынша «жасыл» және «сары» аймақта болса, онда барлық оқушылар оқытудың аралас форматына көшеді, онда пәндердің 70% штаттық режимде оқытылады.

Ол - математика, тілдер, физика, химия, тарих, география, биология, дене шынықтыру пәндері. Ал қалған 30% қашықтықтан өтеді. 

Оған информатика, құқық негіздері, өзін-өзі тану, көркем еңбек, графика және жобалау, кәсіпкерлік пен бизнес негіздері кіреді. 

Сыныптағы бала саны 25 адамнан аспауы тиіс. 

«Бұл оқыту форматы облыстың Қарағанды, Приозерск, Шахтинск қалалары және Ұлытау ауданынан басқа барлық өңіріне таралады. Ал осы төрт елді мекенде сабақтар өзгеріссіз өтеді, яғни оқу 1, 2, 3, 4, 5, 9, 11 сыныптарда аралас режимде болады. 6, 7, 8, 10 сынып оқушылары қашықтан білім алуды жалғастырады», - деді Гүлсім Қожахметова. 

Оқу процесі «бір сынып - бір кабинет» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Сабақтың ұзақтығы - 40 минут, санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіледі.

Балалар сабаққа ұқыпты және ыңғайлы киіммен қатыса алады. Мектеп формасы міндетті емес. 

«Жасыл» және «сары» аймақта дәстүрлі оқыту форматымен білім беретін мектептерде оқушылар өз сыныбында бетпердесіз отыра алады.

Дәстүрлі форматта оқуды құрамында 300-ге дейін оқушысы бар, сыныпта 25 адамнан аспайтын Облыстың 279 мектебі жалғастырады.

Қарағанды облысында барлығы 505 мектеп бар, онда 204 499 оқушы оқиды.

Білім саласындағы олқылықтардың орнын толтыру жұмысы да жалғасады. Осы мақсатта сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда жеке сабақтар өткізіледі. 

Мектептерде ыңғайлы кесте жасалды. Сабақ арасындағы өзгерістер әртүрлі уақытта ұйымдастырылған. 

Барлық кіреберістер мен шығу есіктері ашылған, ауысымдар мен ішкі ауысулар саны артқан.

Мектеп асханаларының, мамандандырылған мектеп-интернаттардың және мектеп-интернаттардың жұмысы аумақтық бас мемлекеттік санитар дәрігер келісімі бойынша жалғасады.

Ерекше балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта оқу процесі санитариялық талаптарды қатаң сақтай отырып, аралас форматта қайта басталады. 

Басқа қаладан келген балалар ата-анасының қалауы бойынша оқуды қашықтан білім алу форматында жалғастыра алатынын атап өткен жөн.

Техникалық және кәсіптік білім беруге тоқталар болсақ, штаттық режимде білім беру колледждердің бірінші курс студенттері үшін ұйымдастырылады, қалғаны аралас форматта оқуды жалғастырады. 

Бітіруші топ студенттері үшін штаттық режимде диплом жобалары мен біліктілік емтихандары бойынша жеке консультация өткізіледі.

Оқытуды ұйымдастыру бойынша сұрақтармен білім басқармасына жедел желі телефондары: 25-25-02 және 8-747-491-12-91, сондай-ақ телеграм-арна арқылы хабарласуға болады.