
Қарағанды облысында су тасқынына дайындық аясында су өткізу құбырларын тазарту және қар шығару жұмыстары жалғасуда. Бұл мәселелер өңір әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен төтенше жағдайлар жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысында талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазгидрометтің мәліметінше, облыс бойынша жердің тоңы 61-ден 150 см-ге дейін құрайды. Самарқан және Ынтымақ секілді ірі су қоймаларынан санитарлық су ағызу жүргізілуде. Қазіргі уақытта өңірде 69 шақырым арық пен 123 шақырым арна тазаланды. Су тасқынына дайындық күнделікті бақылауда», - деп мәлім етті ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов.
Наурыз айының басында «Көктем-2021» оқу-жаттығуы өтті. Мұрат Катпановтың айтуынша, бұл жолы барлық күш-жігер тәжірибелік сабақтарға бағытталған. 6 мың метрге жуық арық, арналар, 280 су өткізу құбыры тазартылып, 27 мың текше метрден астам қар шығарылды және 2 мың метр траншея төселді.
Ведомстволық мобильдік топтар Қарқаралы, Бұқар Жырау аудандары мен Теміртау қаласының ауылдарын тексерді. 11 елді мекеннің басшыларына су тасқынына дайындықтың жеткіліксіздігі туралы ескертілді.
Жергілікті маңызы бар 69 жол учаскесі ерекше бақылауға алынды. Материалдық-техникалық құралдар мен инертті материалдар қорына тексеру жүргізілді. Халық үшін арнайы ұсыныстар әзірленді.
15 наурыздан бастап барлық су тасқынына қарсы штабтар тәулік бойы жұмыс істейтін болады.
Облыстың қалалары мен аудандарының басшылары ТЖД қызметкерлерімен бірге аса қауіпті су тасқыны учаскелерін аралауды жалғастыруда.
Облыс әкімі су тасқыны кезеңіне дайындық үшін әрбір қызметтің жауапкершілігін еске салды.
«Негізгі міндет - азаматтардың қауіпсіздігін, шаруашылық жүргізуші субъектілердің, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің, көлік инфрақұрылымының аумақтарын қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Соңғы 3-4 жылда үлкен жұмыс жүргізілді, бірақ барлық проблемалар әлі шешілген жоқ, сондықтан дайындық ерекше болуы тиіс», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
