18 ақп, 2021 сағат 08:45

Қарағанды облысындағы өзендер бассейнінде қар жамылғысы жылдағыдан төмен – ТЖД

Қарағанды облысының ТЖД «Қазгидромет» филиалымен бірлесіп Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің жоғарғы ағысында қарды қайта өлшеп жатыр. Бұл шаралар көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қар өлшеу маршрутының алғашқы кезеңі қаңтар айында ұйымдастырылған. Оның қорытындысы бойынша Нұра өзенінің бассейнінде ылғал қоры нормадан 23%-ға, Шерубай-Нұра 23%-ға, Кеңгір 49%-ға, Сарысу 14%-ға, Тоқырау 38%-ға төмен екені анықталды. 

Нұра өзенінің бассейнінде топырақтың қату тереңдігі 63-тен 150 см-ге дейін жеткен.

«2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық 2020 жылдың жазында басталды. Қарағанды облысының 33 елді мекенінің аумағында 22 шақырымнан астам қорғау бөгеттері мен жал тұрғызылды және нығайтылды, өзен арналарының су тасқыны қаупі бар учаскелерінде 12 шақырым аумақ тереңдетілді, жағалауды нығайтылды, арна тазаланып, кеңейтілді, 9 шақырым су бұру арналары салынды және жөнделді, 65,5 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды, 74 учаскенің су өткізу қабілеті жоғарылатылды», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

2015-2020 жылдар аралығында облыста барлығы 220 шақырымы қорғаныс бөгендері мен жал тұрғызылып, нығайтылды, 173 елді мекенде 76 шақырым өзен жағалауы нығайтылып, түбін тереңдетіліп, арнасы кеңейтілді.

2021 жылдың қаңтар айынан бастап Самарқанд және Ынтымақ қоймаларынан санитарлық су ағызу жұмысы жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда ағызылатын судың көлемі 5 және 8 текше м/сек жетті. 

Аймақтың су тасқыны қауіпті учаскелерінде әуеден бақылау жүргізіліп жатыр.

2021 жылы облыстың халқын, аумағын және шаруашылық жүргізуші субъектілерін тасқын судан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарда ұйымдастырушылық және практикалық шаралардың барлық кешені қарастырылған.