Almaty.tv
25-мамырдан бастап Қазақстанда тіркеуден өтпеген смартфондар бұғатталады, деп хабарлайды Ult.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Ел аумағында 3,7 миллионға жуық телефонның IMEI-коды қайталанған, яғни заңсыз әкелінген құрылғылар. Байланыс құралдары үш санат бойынша тіркелмек. Біріншісі – ақ тізім, яғни заңды әкелінген, тіркелген құрылғылар. Сұр тізімге енген құрылғылар тек 30 күн ғана жұмыс істей алады. Ал қара тізімге IMEI-коды дұрыс емес немесе қолдан жасалған телефондар кіреді. Мұндай құрылғылар бірден бұғатталады.
Айта кетейік, өзгерістер 25-мамырдан кейін елге әкелінген телефондарға қатысты. Ал қазір қолданыста жүрген және дерекқорға енгізілген құрылғылар бұл қатарға кірмейді. Жауапты органдардың айтуынша, бұл шара заңсыз телефон айналымын азайту үшін қолға алынып отыр.
«Мақсат – еліміздің тұтынушыларын қауіпсіз, тексерілген зауыт өндірушіден сертификатталған құрылғылармен қамтамасыз ету. Екіншіден, сұр импорттаушылар кедендік жарна төлемей күмәнді құрылғыларды нарыққа кіргізіп жатыр. Мобильді құрылғылардың нарығын тазарту керек», – деді ҚР ЦДИАӨМ телекоммуникациялар комитетінің басқарма басшысы Азамат Серіктаев.
Егер жеке тұлға ұялы телефонды шетелден өз қажеттілігі үшін алып келсе, құрылғы алдымен сұр тізімге енгізіледі. Кейін ұялы байланыс операторлары пайдаланушыға SMS-хабарлама жіберіп, құрылғыны верификациядан өткізу қажеттігін ескертетін көрінеді. Хабарламада арнайы анкетаға сілтеме беріледі, оны толтыру қажет. Сонымен қатар шекарадан өткенін немесе құрылғыны алып келгенін растайтын құжатты ұсыну да міндетті.
«Абоненттік құрылғыны сұр тізімнен шығару үшін жеке тұлғаның өзі тексеру процедурасынан өтеді. Егер смартфон шетелден әкелінген болса, онда арнайы тіркеуден өту қажет. Ол үшін, ресми сайтқа кіріп, порталда ЭЦҚ арқылы абоненттік құрылғының деректерін енгізу керек. Яғни телефонның IMEI-моделі. Осыдан кейін сіздің деректеріңіздің дұрыстығын тексеріп, оны ақ тізімге енгізу болады», – деді ҚР ЦДИАӨМ телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабенов.