05 ақп, 2025 сағат 12:57

Қандай науқастарға ораза ұстамаған жөн және қалай тамақтану керек – нутрициолог жауап берді


Фото:tolqyn.kz

Қант диабеті, бауыр, бүйрек, асқазан мен ішек жолдарында жаралары бар жандардың ораза ұстаманы дұрыс дейді  Ult.kz тілшісіне нутрициолог маман.

Діни басқарма бекіткен 2025 жылғы діни күндер кестесіне сәйкес, биыл Рамазан айының алғашқы күні көктемнің бірінші күніне, яғни 1 наурызға сәйкес келіп отыр. Әр жыл сайын әрбір мұсылман ораза тұтуға бекінеді. Бірақ көпшілігі өзінің денсаулығының шама-шарқынына қарамайды, кейбірі ештеңе қарамастан ауыз бекітіп, ораза ұстайтыны аз емес. Қандай сырқаты бар жандарға ораза ұстамағаны дұрыс екенін І санаттағы дәрігер, медицина саласының үздігі, нутрициолог Аида Мұхтарқызынан білмек болдық. 

Оның айтуынша, оразаның пайдасы ұшан-теңіз, бірақ кейде адамның денсаулық жағдайына байланысты оразаны ұстамағаны абзал. Сондықтан оразаның алдында міндетті түрде Check-Up тапсырып,  әрбір адам өзінің денсаулығында болып жатқан процестерді бақылап отырғаны дұрыс деп санайды. 

"Егер ораза кезінде алғашқы күндері әлсіздік сезінсеңіз, қорқатын дәнеңе жоқ, оразаны үзбей жалғастыра берсе болады. Ал егер бойыңызда қатты әлсіздікті сезіп, бас айналып, жүрек айныса, артериалды қан қысымы күрт төмендеп кетуі байқалса, мысалы 60-70-80-ге дейін түсіп кетсе, онда оразаны тоқтатқан дұрыс.  Имунитет әлсіреп, суық тиіп немесе созылмалы аурулар асқынып кетсе, тамақтану тәртібін реттеген абзал. Айтарлықтай қатты дәрігерлік тараптан қатты тыйым болмаса, ораза керісінше имунитетті күшейтеді. Сондықтан ораза кезінде иммунитетті сақтау үшін міндетті түрде су балансын сақтаңыз. Яғни ауыз ашқанда, сәресі кезінде жеткілікті мөлшерде су ішіп, ақуызға, дәрумендерге бай, тамақты жеуге тырысыңыз. Ораза ұстаған адам көбірек демалып, дұрыс ұйықтауы тиіс", – деді нутрициолог Аида Мұхтарқызы.


Дәрігер ауыз ашатын кезде және сәреде баланспен тамақтану керек, ет, жұмыртқа, балық пен теңіз өнімдерін тұтынып, қарақұмық, қоңыр күріш, көкөніс секілді өнімдерді қолдануды қажет санайды. Өте тұзды немесе қатты тәтті тағамды жемеуге кеңес берді. Ауыз ашқан кезінде кемі екі жарым литр су ішіп, ағзада су мөлшерінің азайып қалмауының маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, сол аралықта денеге күш салмай, ауыр жұмыстардан аулақ болу керегін жеткізді. 

"Иммунитетті көтеру үшін арнайы С, Д, цинк секілді дәрумендерді дәрумендерді ішу керек. Ағзаға жетпей жатқан дәрумендерді уақытылы іше отырып, иммунитетті көтере аламыз. Ораза кезінде әлсіздік болмас үшін қылқанша без бен бүйректегі безге көңіл бөлу керек.  Себебі, көп жағдайда адамдарда гипотериоз, аутоиммунно териодит болғандықтан әлсіздік сезінуі мүмкін. Сол себепті ауыз бекітпес бұрын  ТТГ, Анти-р ТТГ, картизолдың төрт порциясына деген сияқты анализ тапсырып алған жөн. Егер оған дұрыс коррекция жасаса, ораза өте жеңіл өтеді.  
Мысалы, қант диабетінің 1 типі және 2 типтің ауыр формасы болады. Оларға ораза ұстамағаны абзал. Өйткені қандағы қант мөлшері қауіпті деңгейге өзгеріп кетуі ықтималдығы басым. Оның үстіне, созылмалы бүйрек аурулары бар жандарға күні борйы су ішпеу ауыр тиюі мүмкін. Гипотониямен сырқат жандарға аштық қант қысымын қатты төмен түсіріп жібереді. Егер ұзақ уақыт аштықта болса, адам есінен танып қалуы тағы бар. 
Оған қоса жүрек қантамырлары ауруы: инфаркт, аретмия болса, бұл – су дизбалансының бұзылуына әкеледі. Асқазан және ішек жүйесінде жаралар (язва) болса, ұзақ аштық асқазанды тітіркендіреді. Сондықтан осындай сырқаты бар жандарға ораза ұстамағаны жөн. Жалпы, діннің өзінде ауыратын немесе созылмалы сыртқаты бар жандарға, жүкті және емізетін әйелдерді ораза ұстаудан босатылған", – деді нутрициолог Аида Мұхтарқызы.


Дәрігер ораза біздің дінімізде парыз етіп берілген. Сондықтан баршаның оразаны ұстауға әркет етуі тиіс деп есептейді. Айтуынша, негізі оразаның зиянынан пайдасы көп. Ал ауыр сырқаты бар жандар ораза ұстамас бұрын дәрігермен ақылдасқан дұрыс көреді.

Көптеген зерттеулердің нәтижесінде ораза адам ағзасындағы метобализмді жақсартатынын дәлелдеген.

"Мысалы инсулинге сезімталдықты, қант диабетін алдын алуға, ас қорыту жүйесін дем алдырып, ішек микрофлорасын реттеуге көмектеседі. Бауырдың жұмысын жақсартады, ағзадағы токсиндерді тазартуға көмектеседі. Буын қабынуы, аутоиммундық аурулардың алдын алуға және оларды емдеуге көмегі көп. Мидың қызметін жақсартып, альцгеймер ауруын төмендетуге де пайдасы бар. Салмақты реттеп, артық майларды жағу процесін іске қосады. Негізі медицинада оразаны аштық процедурасы деп атайды. Бұл керісінше, иммунитеттің күшейуіне көмектесетін процедура. Тіпті, кейбір азғадағы онко клеткаларды жояды. Мәселен, ораза кезінде ағзадағы санитарлы клеткалар жұмыс жасап, керек емес нәрселердің бәрін жуып тазалап тастайды. Сондықтан керісінше ораза иммунитетті көтеруге күшті мүмкіндік деп ойлаймын", – дейді маман. 

Анар Қоныс