10 мау, 2020 сағат 12:29

Қалалардың экологиялық ахуалын жақсарту жұмысы қалай жүргізілуде?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Есепті қоршаған ортаны қорғау саласынан бастасам. Министрлік ұлттық және өңірлік сипаттағы сегменттер, сондай-ақ оларды шешу дәрежесі бойынша экологиялық проблемаларға тексеру жүргізген болатын. Өңірлік экологиялық проблемаларды талдау атмосфералық ауаның ластануы және қалдықтарды басқару мәселелері неғұрлым өткір проблемалардың бірі екендігін көрсетті», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ өткен халыққа есеп беру кездесуінде. 

Министрдің айтуынша 2019 жылы экологиялық мониторингтің нәтижесінде Ақтөбе, Атырау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен қалаларында атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейі анықталған.

«Зиянды заттар шығарындыларының жалпы деңгейі 2018 жылдың деңгейінде тұрақтанды. Бұл шамамен - 2,5 млн тонна. Төгінділер көлемі 2018 жылы 1,1 млн тоннадан 2019 жылы 0,98 млн тоннаға дейін немесе 10 пайызға төмендеді. Осы көрсеткішкерге табиғат қорғау шараларын іске асыру және кәсіпорындардың экологиялық таза технологияларды енгізу арқылы қол жеткіздік. 2019 жылы экологиялық жағдайды жақсартуға табиғат пайдаланушылармен 172 млрд теңге инвестицияланды. Бұл 2018 жылғы деңгейден 7 пайызға артық (161 млрд. теңге)», - дейді ол.

Мағзұм Мырзағалиев мысалы, Павлодар облысының «Қазақстан алюминийі» кәсіпорнында неміс технологиясының электрофильтрі іске қосылып, бір метрге 50 милигграмға дейін қалдық шаңды тазартудың жоғары деңгейін көрсетіп, жақсы нәтижелер беріп жатқанын айтады. Сондай-ақ, осы айдың соңында екінші фильтрді орнату жоспарлануда. 

«Жентектеу цехында шығарындыларды жалпы қысқарту жылына 2,4 мың тоннаны құрайды. Қарағанды облысында «Қазақмыс Смэлтинг» кәсіпорнына қарайтын Жезқазған мыс балқыту зауыты озық технологияны қолдана отырып, жаңа күкірт қышқылы цехын салуды және пайдалануға беруді жоспарлауда. Бұл күкірт диоксидінің шығарындыларын 3 есе, яғни 60 мыңнан 20 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді ол.