Полиция қызметінде кинолог мамандардың қызметі ерекше. Қылмысты ашу барысында иттердің де көмегі көп тиеді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары сан алуан тосын жағдайдың алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында оң нәтижеге қол жеткізеді.
Осы орайда иттерді сол жұмысқа бейімдеп, маңызды міндетті зор жауапкершілікпен орындай білетін кинолог мамандар қызметі жайында не білеміз?
ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 мекемесінің бақылаушы-кинолог маманы Шуақ Балғабекұлының атқаратын қызметін барысын бағамдай отырып, олардың қызметіне бір сәт зер салды.
Көп адам кинология ғылымын, кинолог мамандығын киномен, киноматографиямен шатастыруы мүмкін. Себебі, атауы ұқсас, сондай әсер қалдыратыны анық. Шын мәнінде, ол бұрын пайда болған, бұл мамандық иелері иттерді қолға үйретумен айналысады.
Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 мекемесінің бақылаушы-кинолог маманы Шуақ Балғабекұлы бұл қызметке келгеніне 10 жылға жуық уақыт болды. Содан бері кинолог болып жұмыс істейді. Өзі бала күнінен итті жақсы көретін, әскерде жүргенде кинология бөліміне қабылданды. Содан бері иттерді үйретіп, оларды түрлі жұмыстарға баулып келеді.
Иісшіл иттерді қалай үйретеді? Бұл жөнінде Шуақ өз ойымен былайша бөлісті.
«Ол үшін итпен мықты байланыс орнату керек. Сол кезде ғана ол да саған сенетін болады. Кез-келген қиындықта сені ешқашан тастамайды. Алдымен оның мінезін нақтылап, нені жақсы көреді, нені ұнатпайды деген сауалдарға жауап табуың тиіс. Соның бәрін нақты білуің қажет. Жалпы, үйрету барысында итті ұруға болмайды. Ол да кез-келген қиын сәтте өз иесінен көмек күтеді. Ол сөйлей алмағанмен, тілін түсінген адамға оны іс-қимылмен білдіреді. Қазақ халқы оны жеті қазынаның бірі санайды. Итті өзіңе бағындыру, айтқаныңды бұлжытпай орындату оңай емес. Олардың мінезі адам баласы секілді холерик, сангвиник, флегматик және меланхолик болып төртке бөлінеді. Дәл сол секілді мінезіне қарап, қай иттің қай салада жұмыс істеуге бейім екенін анықтауға болады. Өз басым әскер қатарында қызмет еткен жылдары оларды үйретудің барлық қыр-сырын, айласын үйрендім. Тәжірибелі мамандардан білім алдым. Сол себепті мен үшін қазір кинология өмірімнің бір бөлшегіне айналды», - деді Шуақ Балтабайұлы.
Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз маманы Дана Достанованың айтуынша, департаментте кинология қызметі 2013 жылы ашылған. Бүгінгі таңда мұнда қызметтік 4 бельгиялық овчарка бар. Олар есірткі затын іздеп, адамды аяқ ізінің иісімен табады. Түзеу мекемесінен сотталғандар қашқан жағдайда немесе есірткі тасымалданса, қызметтік иттер қылмыстың алдын алуға атсалысады.
«Маған Оскар атты кызметтік ит бекітілген. Ол адамды ізінің иісімен іздеп табады. Оскар Алматы қаласындағы Кинология орталығында алғашқы даярлықта жақсы нәтиже көрсетті. Бұдан бөлек, Оско және Лютый атты есірткі іздеуші кызметтік иттер сол орталықтан 2018 жылы алғашқы даярлық, былтыр қайта даярлықтан өтті. Жақсы кинолог басқа мамандық иелері секілді әрдайым ізденісте жүріп, кәсібилігін, шеберлігін арттыруы тиіс. Соның бір жолы - халықаралық ит көрмелеріне қатысу. Ол кинологтардың кәсіби деңгейде бір-бірімен тәжірибе, білім алмасуына жол ашады. Бүгінде өз басым еліміздің барлық өңіріндегі осы салада қызмет ететін мамандармен байланысып, білмегенімді үйреніп, білгенімді үйретіп жүрмін», - деді ол.
Кинолог болу - итпен бірге жүру ғана емес, иттің анатомиясын, физиологиясын, психологиясын терең зерделеу, оның ауруларына ем іздеу, дұрыс тамақтандыру. Бұл мамандықтың көпшілік біле бермейтін қыр-сыры көп. Оларға күніне екі рет, таңертең және кешке құрамы дәруменге бай, арнаулы жем-су беріледі. Иммитаторды пайдалана отырып есірткі иісін ұмытып калмас үшін күнделікті 2 мәрте оқу жаттығу жүргізіледі. Ең бастысы, мамандар үшін шыдамдылықпен мақсаттылық, табандылық пен бақылағыштық қасиет қажет.
Аға сержант Шуақ Балғабекұлының күнделікті қызмет барысында ЗК-169/5 мекемесінің сырт аймағын бақылайды. Сондай сәттерде мекеме аумағына тыйым салынған заттарды сырттан лақтыруға келген азаматтарды дер кезінде анықтап, тиісті органдарға тапсырған.
«Қызметтік иттің көмегімен жыл басынан бірнеше келеңсіз жағдайдың жолы кесілді. Мәселен, мекемеге тыйым салынған ұялы телефон лақтырмақ болған бір азамат ұсталды. Оған ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша ескерту жарияланды. Ал мамыр айында бір азаматша жазасын өтеуші жақынына есірткі өткізбекші болды. Ол қызметтік иттердің көмегімен қолға түсті. Қазір оған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бабының 1 бөлігімен іс жүргізілуде». - деді Шуақ Балғабекұлы.