15 қаз, 2024 сағат 17:04

ІІМ мен прокуратурадағылар Талғардағы қылмыстық топ туралы айтты

Фото: Orda.kz

Талғардағы ұйымдасқан қылмыстық топ туралы ақпаратты ІІМ мен прокуратура түсіндірді, деп хабарлайды Ult.kz.

Құқық қорғау және қадағалау органдары Талғар қаласында "Хуторские" деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың жоқ екенін мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігі мен прокуратура өкілдері 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты тергеу барысында әлеуметтік желілерде тараған Талғардағы қылмыстық топ туралы ақпаратты жоққа шығарды. Қала тұрғындары "Хуторские" деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекет ететінін айтқан болатын.

ІІМ өкілдері бұл ақпаратты растаған жоқ.

«Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген адамдардың іс-әрекеттері тексерілуде, алайда бізде "Хуторские" деген қылмыстық топтың есебі жоқ. Бұл іске қатысты ұсталған адамдардың сипаттамасын айтар болсам, екеуі ипподромда атбегі, біреуі тау-шаңғы курортында жұмысшы, тағы біреуі басқа курортта күзетші болып жұмыс істейді, ал екеуі сұлулық салонында жұмыс істейді», — деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауржан Аленов.


Сондай-ақ, спикер Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтардың есебі жоқ екенін айтты.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов «Хуторские» деп аталатын топтың атауы Талғар ауданындағы "Хутор" деп аталатын жерге қатысты болуы мүмкін деген болжам жасады.

«Талғар ауданында "Хутор" деген аудан бар, мүмкін сол жердің тұрғындарын "Хуторские" деп атаған шығар. Алайда, Бауржан Аленов айтқандай, бүгінде мұндай ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ», — деп мәлімдеді Берік Адамов.


Журналистер осы іс бойынша аталған Хасан Касымбаевтың жағдайын сұрағанда, спикерлер оның бұл қылмыстық іске қатысы жоқ екенін растады.

Айта кетейік, кеше «Хутор» бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаев үндеу жасап, бұл іске қатысы жоқ екенін айтты.