01 шіл, 2024 сағат 13:04

Грекияда өртенген арал: Данияр Әбілғазин мәлімдеме жасады

Сурет: olympic.kz

Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің бірі Данияр Әбілғазин Грекияның Гидра аралындағы өртке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Forbes.

Ол өртке себеп болған отшашулар атылған Persephoni I яхтасын жалға алғанын мойындады. Әбілғазин болған оқиғаға өкініш білдіріп, өзінің және оның қонақтарының өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтағанын айтты.

Әбілғазин өзінің де, қонақтарының да өрт тудыруы мүмкін ешқандай әрекет жасамағанын баса айтып, Грекия билігі өкілдерінің оған қарсы ешқандай талап қоймағанын атап өтті. Ол сондай-ақ Грекия билігімен тергеуде ынтымақтасуға уәде берді.

Еске салсақ, бұған дейін Грекия прокурорлары өткен аптада Сарон теңізіндегі Гидра аралында өрт қоюға қатысы бар жеке яхтадағы 8 ересек қазақстандық жолаушыны айыптаған болатын.