12 қар, 2024 сағат 11:25

Есімін қолдануға тыйым: қазақстандық спортшының отбасы тауар белгісі үшін күресте жеңіске жетті

Фото: Pexels.com

Астанада 2020 жылдың соңында өмірден озған танымал каратэ шебері Жасталап Санауовтың есіміне қатысты сотта даулы мәселе туындады. Ол қайтыс болғаннан кейін, оның есімін коммерциялық мақсатта пайдалану жөнінде талас басталды, деп хабарлайды Ult.kz Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан каратэ құрамасының бас бапкері қайтыс болғаннан кейін екі ай өткен соң, оның жесірі марқұм жұбайының атымен тауар белгісін тіркеуге өтініш берді. Ол бұл белгіні алты түрлі өнім, соның ішінде баспа материалдары, сувенирлер, маркетинг, киім-кешек және көрмелерді ұйымдастыру үшін пайдалануды жоспарлады. Тоғыз айдан кейін спортшының жесірі тауар белгісіне ресми құқық алды.

Алайда марқұм спортшының әкесі тауар таңбасын тіркеумен келіспегендіктен, Әділет министрлігінің апелляциялық кеңесіне аталған шешімге қатысты шағым түсірген. Оның шағымы қабылданбады.

Астана соты мен апелляциялық инстанция әкенің талабын қолдап, оның талап-арызын қанағаттандырды. Әділет министрлігінің бұл шешімге кассациялық инстанцияда шағымдану әрекеттері нәтижесіз аяқталды. Жоғарғы сот төменгі сатыдағы соттардың шешімдерін заңды деп растады.

«Даулы тауар белгісін тіркеу және апелляциялық кеңестің қарсылықтарды қарауы барысында мұрагерлердің (ата-анасы мен балаларының) құқықтары мен заңды мүдделері ескерілмеген, олар тікелей туыстық байланыс арқылы ұлдарының және әкелерінің атақты есімін пайдалану құқығынан айырылған. Бұл адалдық, парасаттылық, әділдік пен адамгершілік қағидаларын бұзады, өйткені мұндай әрекеттің салдары әкімшілік процеске қатысушылар мүдделерінің теңгерімінің әділетсіз бөлінуіне әкеп соққан», — деп түсіндірді сот органы.


Осылайша, Әділет министрлігінің шағымы негізсіз деп танылып, спортшының әкесі пайдасына қабылданған барлық шешімдер өз күшінде қалды.