26 қаз, 2021 сағат 17:30

Ерлік сабағы: Тәуелсіздік тұғыры


«Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері 06708 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінің ұйымдастыруымен Приозерск қаласының №1 мектебінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жылдығы қарсаңында ерлік сабағы өткізілді.

«Ұлы Дала әскері – Тәуелсіздік тірегі!» тақырыбында өткен ерлік сабағына 9-сынып оқушылары қатысты.

 Аталған іс-шараны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары – алғашқы әскери технологиялық дайындығы пәнінің оқытушысы Естай Өмірзақов ашып берді.

Ерлік сабағы барысында әскери бөлімнің бірнеше әскери қызметшілері ел Президенті биылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауындағы отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер дәріптелуі керектігін тілге тиек етіп, оқушыларға армия, ел қорғау ұғымдарының мән-мағынасын ашып айтып берді.

Сонымен қатар заманауи интерактивтік тақта арқылы оқушыларға Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне арналған деректі фильмдер көрсетілді.

 «Ұлы Дала әскері – Тәуелсіздік тірегі!» тақырыбындағы ерлік сабағы барысында оқушылар да белсенділік таныта білді.

 

Думан Құрманғалиев

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы