25 жел, 2024 сағат 13:02

"Ерекше бала ата-анасын ерте зейнетке шығару керек" -депутат


Фото: istockphoto.com

Бүгін Паламенттің төменгі палатасында депутат Таңсәуле Серіков мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарғамқатысты мәселе көтеріп, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды ult.kz

"Әрбір ана бала денсаулығы үшін жұмысын да, басқа шаруасын да тастап тау асып, шоқ басуға дайын. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін күнделікті терапиясы, ем-шарасы, гимнастикалық жаттығулар, медициналық оңалтулар, бассейн немесе тағы да басқа қажетті ем-домдары бар. Қалада тұратындар үшін бұның өзі ауыр. Ал ауылдық жерде тұратын ата аналар үшін бұл үлкен қиындық. Бала кезінен мүгедектігі бар, тіпті өздігінен тамақ та ішпейтін, сөйлей де алмайтындары қаншама. Туабітті сал ауруына шалдыққан баланы аяқтан тұғызамын деп тек аналар ғана мақсат қояды. Баланың түнімен бебеу қағып жылағаны – қиындықтың бер жағы ғана. Тәулігіне бірнеше рет ес-тұсынан айрылып, талып қалатындар бар. Бұл ата анаға физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан да ауыр екені белгілі", -дейді Таңсәуле Серіков.


Депутаттың сөзінше аналардың тәжірибелері болғандықтан басқа балаға да дұрыс қарап күтім жасай алады. Сондықтан педагог-ассистент, әлеуметтік қызметкер сияқты мамандықтарға ата ананың біреуін қысқа 2 жылдық мерзімде бакалавриатта оқыту қажет.

"Мүгедек балаға өз ата анасынан артық қарайтын адам жоқ. Сол себепті баланың ата анасын оқытып, арнайы дайындықтан өткізу қажет, сол арқылы ата ананың күтуші ретінде жұмысы да болады, еңбек өтілі де жоғалмайды, дұрыс күтім болғандықтан баланың дамуы да арта түседі", -дейді ол. 


Серіковтың ойынша ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуінің зейнетақы қорына мемлекет тарапынан тұрақты түрде қаржы салыну қажет. 

"Ол ананың зейнеттегі кепілі. Физикалық ауыр формадағы мамандық иелеріне жеңілдіктер қарастырылған, мысалы шахтер шахтадағы жұмысының ауырлығына байланысты. Ал, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата ананың еңбегі жеңіл емес. Сондықтан осындай аналарды мүмкіндігінше зейнет жасына ерте шығару мәселесін де қарастыру керек", -деп отыр мәжілісмен.

Депутат Олжес Бектеновке төрт түрлі ұсыныс жасады:

1. Ерекше бала ата-анасын ерте зейнет жасқа шығаруды;

2. Ата ананың біреуін педагог-ассистент, әлеуметтік қызметкер маманыдығына қысқа мерзімде оқытуды;

3. Ерекше бала ата-анасының біреуінің зейнет қорына мемлекет тарапынан тұрақты түрде қаржы салуды;

4. Балаға күтім жасаған жылдарын еңбек өтілі деп есептеуді сұраймыз.