
Батыс Қазақстан облысында биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамту шараларына 21,9 мың адамды тарту көзделуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның ішінде 17,9 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Айталық, техникалық және кәсіби білімі бар кадрларды даярлау шаралары аясында 1100 адам қысқа мерзімді кәсіби оқумен қамтылмақшы.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 1,7 млрд теңгенің 302 несиесін (ауылдық жердегі шағын несиенің ең жоғары мөлшері – 2,5 мың АЕК, 6,9 млн теңге, қалада 6,5 АЕК, 18,1 млн теңге), сондай-ақ жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 1394 қайтарымсыз мемлекеттік грант (ең жоғары мөлшері – 200 АЕК, 555,6 мың теңге) беру көзделуде.
«Бизнес бастау» жобасы бойынша 1250 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылмақшы.
Алтай Есмағұлұлының сөзіне қарағанда, еңбекақысы мемлекет есебінен субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына 5,3 мың, соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 795 адам, жастар тәжірибесіне 1750 жас маман, ақылы қоғамдық жұмысқа 2785 адам жіберілмек. Оған қоса 12550 адам бос жұмыс орындарына орналастырылмақшы.
Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Үкімет қабылдаған «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы биыл да жалғасын табады.
«Бағдарлама аясында 2021 жылы 18 жобаны жүзеге асыру үшін 10,8 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 15-і құрылыс, үшеуі қайта құру бойынша. Жол картасын жүзеге асыру барысында 710 жұмыс орны ашылмақшы. Ал жобалар мәреге жеткеннен кейін 490 тұрақты жұмыс орны пайда болмақшы. Сондай-ақ кәсіпкерлікті жаңа бастағандар, соның ішінде отбасылық және әлеуметтік бизнесті қолға алғандар үшін 2,2 млрд теңге несие бөлінеді. Жаңа жұмыс орнын ашу шағын несиелеудің міндетті шарты болып табылады. Шағын несиелер «Бастау бизнес» жобасының түлектеріне 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын шағын несиенің ең жоғары көлемі ауылдық жерде – 2,5 мың АЕК (7,3 млн теңге), қалада – 6,5 мың АЕК (19,0 млн теңге)», деді А.Құлқаев.
