10 ақп, 2021 сағат 08:33

Елордада тұрғын үй сертификатының мөлшері 1,5 млн теңгеге артты

Елордада тұрғын үй сертификатының мөлшері 1,5 млн теңгеге артты. Бұл туралы қала тұрғындарымен есеп беру кездесуінде елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, «Шаңырақ» бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылар санатын кеңейту керек. Егер, бұрын тізімге тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағылардың үшеуі ғана кірсе, енді оған барлық тоғыз санат та кіретін болды. 

«Тұрғын үй мәселесі – ең маңызды бағыттың бірі. Тұрғын үй сертификатына қоса «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан бағдарламаға да өзгеріс енгізілді. Мұнда біз әлеуметтік пәтер алушылар санатын кеңейттік. Бұл әлеуметтік пәтерлерді тек медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, сонымен бірге - өрт сөндірушілер, әлеуметтік мамандар, мәдениет және спорт қайраткерлері, Полиция департаментінің қызметкерлері де алуға мүмкіндіктері бар. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна пәтер құнының 1 пайызын құрайды. Тұрғын үйді алдағы уақытта жекешелендіріп алуға болады», - деді Алтай Көлгінов. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада қолжетімді баспана көлемінің құрылысы артты. Егер 2018 жылы 1 100, 2019 жылы 2 900, 2020 жылы 7 мыңнан аса әлеуметтік пәтер берілсе, биыл бұл сан 10 мыңға көбейеді. Мұның бір бөлігі тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, тағы бір бөлігі - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрғандарға беріледі.