07 сәу, 2021 сағат 09:47

Елордада тоңның тереңдігі – 92 см, су басу қаупі бар учаске тұрғындарына баспана әзірленді

Елорданың төтенше жағдай қызметі тасқын маусымына дайындық шеңберінде 12 мың тонна инертті зат дайындап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басшысының орынбасары Есен Байыров айтты.

«Қазгидромет» дерегінше, Есіл өзенінің ауданы 5300 шаршы шақырымды құрайды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша қардағы судың қоры – 77 мм. Жинақталған ылғал қорының көлемі 408 млн текше метр. Топырақтың қату тереңдігі 92 см. Бұл 2020 жылға қарағанда 3 есе көп», - деді төтенше жағдай қызметінің өкілі. 

Осыған байланысты қала әкімдігі су тасу қаупі бар 29 учаскенің тұрғындарына арнап уақытша баспаналар да әзірлеп отыр.

«Су тасқыны зардабының алдын алып, жою үшін «Астана тазалық» базасында 12 мың тонна инерттік материал қоры жиналып, 3,5 мың қап дайындалды. Тамақ және жанармай жеткізуге 3 келісім жасалды. Оның ішінде азық-түлік жабдықтауға 2 келісім, жанармай бойынша 1 келісім жасалды. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде халықты қоныстандыруға арналған 4 қонақүймен келісім жасалды және 1,5 мың адамға арнап 10 уақытша орналастыру пунктері дайындалды», - деді Есен Байыров.