01 нау, 2021 сағат 10:10

Елордада табысы аз отбасыларға сыйлық сертификаттары табысталды

Алғыс айту күніне орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері республика астанасында тұратын табысы аз отбасыларға сыйлық сертификаттарын табыс етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мереке күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кәсіподақ мүшелері Нұр-Сұлтан қаласында тұратын атаулы әлеуметтік көмек алатын 8 табысы аз отбасына барып, оларға «Magnum» сауда желісінің дүкендерінен азық-түлік сатып алу үшін сыйлық сертификаттарын табыс етті.

Еңбекминінің ұжымы барлық қазақстандықтарды осы тамаша мерекемен құттықтайды және әрбір отбасына мықты денсаулық, бақыт және амандық тілейді.

Естеріңізге сала кетейік, Алғыс айту күні 2016 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бекітілген болатын. Бір жыл бұрын, Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-ші сессиясында Елбасы Алғыс айту күнін атап өтуді ұсынды және бұл күні еліміздің түрлі этностарының өкілдері Қазақстанға жер аударылған жылдары төзімділік пен қонақжайлық көрсеткені үшін қазақтарға және бір-біріне алғыс айта алатынын атап өтті.

Алғыс айту күні – Қазақстанда жүргізіліп жатқан бейбітшілік пен келісім саясатының, сондай-ақ көпұлтты халқымыздың ортақ тарихи жадының символы.