
Сәуір айында 60 мыңнан астам елордалыққа вакцина егу жоспарда бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы елордада 647 мың адамға вакцина егіледі деп жоспарланған. Сәуір айында 60 мыңнан астам адамға вакцина егу жоспарда бар. Ары қарай вакцинаның келіп жетуіне байланысты жоспарды орындай береміз. Жаздың ортасына қарай жоспар орындалады деп ойлаймын», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Ол елордалықтарға қандай вакцина егілетіні туралы айтты.
«Әзірге «Спутник V» вакцинасы егіледі деп жоспарлануда. Басқа вакциналарға қатысты сұрақтарға жауап беру менің құзіретімде емес. Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақатау министрлігі басқа вакциналарды сатып алу бойынша мәселені қарастырып жатыр», - дейді ол.
Бүгінгі таңда елордада бірінші компонент бойынша 10 861 адам, ал екінші компонент бойынша 3 024 адам вакцина алған.
«Коронавирусқа қарсы вакцина егу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда бірінші компонент бойынша 10 861 адам вакцина алды. Екінші компонент бойынша 3 024 адам вакцина алды. Вакцина алған медицина қызметкерлерінің саны – 4836, педагогтар саны – 1945, созылмалы аурулары бар адамдар саны – 1071, құқық қорғау қызметі саласындағы қызметкерлер саны – 1207, ал басқа топтағы адамдар саны – 1802. Вакцина егілгеннен кейін денсаулығында ақау пайда болғандар тіркелген жоқ», - Тимур Мұратов.
Оның айтуынша, 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында бірінші және екінші компоненттерге арналған вакцина жасау бөлмелері және вакцина егілгеннен кейін пациенттерді бақылауға арналған күтім бөлмелері тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр.
«Барлық емханада вакциналар эпидемиологиялық талаптарға сай сақталып жатыр», - дейді ол.
