
«Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасының қашан іске қосылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл – елорда жастарын толғандыратын өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да, қала басшылығының да назарында. Биыл «Алматы жастары» бағдарламасы сияқты елордада «Елорда жастары» бағдарламасы жүзеге асырылады», - деді Жансұлтан Матай тілшілер сұрағына берген жауабында.
Спикер бұл жобаны жергілікті атқарушы органдар қаржыландыратын болғандықтан, банк пен әкімдік арасындағы келісімге әлі қол қойылмағанын айтты. Бірақ әкімдік бұл бағытта жұмыс істеп жатыр.
«Осы жылдың бірінші тоқсанында аталған мәселе бойынша мәслихат отырысы өтуі керек. Нақты күнін айта алмаймын, бірақ наурыз айында осы бағдарлама басталады деп айтуға болады», - дейді Жансұлтан Матай.
