12 сәу, 2021 сағат 18:08

Елорда әкімдігі Вячеслав Дружинин туралы ақпарат берді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ерекше қажеттілігі бар кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған Вячеслав Дружининге қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін В. Дружинин әлеуметтік желіде әйелі қайтыс болғанын, баспанасыз қалғанын айтып көмек сұраған еді. 

«В. Дружининнің кәмелетке толмаған ұлы, қажет медициналық көмекті толық көлемде алып отыр. Қазіргі уақытта бала №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында емделуде. Ауруханадан шыққаннан кейін медициналық тексеріс нәтижесіне сәйкес, баланың қай оңалту орталығында одан әрі ем алатыны белгілі болады», - деп жауап берген әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Әкімдіктің хабарлауынша, Вячеслав Дружинин ай сайын 125 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алады. 

«Қала әкімдігі балаға қажет заңмен белгіленген медициналық және әлеуметтік көмекті толыққанды көрсетіп отыр. Отбасының тұрғын үй мәселесі тек заң аясында шешіледі», - деп түсіндірді әкімдік.