Фото: Ашық дереккөз
Бүгін 28 сәуір Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Бұл күн әлемнің 100-ден астам елінде жыл сайын аталып өтеді. Ал біздің елде жұмысшылардың еңбегі қалай қорғалып жатыр? Бұл сұрақтың жауабын Ult.kz тілшісі анықтап көрді.
Биылдан бастап еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы мөлшері өсті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қаулысымен 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалған еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап алатын әлеуметтік төлемдердің мөлшерінен 6,5% артады.
Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатин Қазақстанда еңбекті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Спикердің сөзінше, қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатқан көрінеді. Еліміздің кәсіпорындарындағы ахуалға күнделікті мониторинг жүргізіледі, жұмыскерлер мен кәсіподақтардың өтініштеріне, еңбек ұжымдарындағы ахуалдың тұрақсыздану тәуекелдерін анықтау тұрғысынан құзыретті органдар мен БАҚ-тан жедел ақпаратқа талдау жүргізіледі.
«Қазіргі уақытта кәсіпорындардағы ахуалға мониторинг еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасының скорингтік жүйесі шеңберінде жүргізілуде. Биылғы 1 сәуірдегі деректер бойынша республикада әлеуметтік шиеленіс қаупі жоғары 1,5 мыңнан астам кәсіпорынға мониторинг жүргізілді», – деді Ерболат Абулхатин.
Еңбек құқығы, еңбекті қорғауға қатысты сөз болғанда, Маңғыстау облысында жиі-жиі болатын ереуілдерді атап өткен жөн. Биыл Маңғыстау облысындағы 5 кәсіпорында 3 сағаттан астам уақыт жұмысын тоқтатқан ереуіл болды. Жұмыскерлердің негізгі талаптары – жалақыны көтеру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйлықақыларды төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу болды.
Статистикаға сүйенсек, 2025 жылғы 1 сәуірдегі деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 1332 тексеру жүргізген. Оның барысында 1616 бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, еңбек саласында – 1332, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 272, халықты жұмыспен қамту бойынша – 12. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 мың жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған екен.
Сонымен қатар, еңбекті қорғауға өндірістік жарақат алған жағдайды да жатқыза аламыз. Осы сәуір айының өзінде еліміздің кәсіпорындарында 293 адам зардап шексе, оның ішінде 40 адам қаза тапқан. Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 15,3% және құрылыс саласында – 12% байқалады.
Ал әлеуметтануші Нұрболат Айекешовтің айтуынша, біздің мемлекет әлеуметтік тұрғыдағы мемлекет болғандықтан, әлсіз топтарға жәрдем беріп, қорғап, қолдап тұруы керек. Қоғамның, мемлекеттің негізгі функциялық қызметі – жеткілікті білім, бәріне толыққанды тәрбие беру.
«Қоғамның еңбекті қорғау мәселесінде кемшіліктерге жол беріп отырғаны осы мәдениет, білім беру, әлеуметтік салаға байланысты болып отыр. Расында, жұмыспен қамту орталықтарымен бұрын тәжірибем болды, олар тек қана тіркеп қояды, оларға тек статистика керек. Ал жеке агенттіктерге тек қана ақша керек. Жұмыс істеушінің ақшасын алды, болды. Іздеп жатырмыз дейді, ешқандай есебі жоқ. Менің ойымша, еңбек нарығында құқықтық ережелер жасалып, ол сақталуы керек. Мемлекет пен агенттіктер және жеке жұмыссыздар арасында келісімдер болуы тиіс. Мысалы, нағыз жұмыссыз адамдар ресми түрде белгіленбейді, еш жерге тіркелмейді, сол үшін ол жұмыссыз деп есептелмейді. Бұл жерде мемлекетке сенім жоқ деп айтуға болады, сол себепті адамдар бара бермейді. Барғанмен жәрдемақыны алу үшін қоғамдық жұмыстарға қатысқан дұрыс. Мысалы, аймақтарда, аудандарда жұмыс ақысы өте төмен. Ауылдық жерлерде 20-30 мың теңге жалақы әлі бар. Олардың экономикалық жағдайы төмен. Қалада – Алматы мен Нұр-Сұлтанда жұмыс табу жеңілірек», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.
Экономист Мұрат Қастаевтің пікірінше, елімізде жұмыссыздықты жою мен еңбекті қорғау үшін жеке бизнесті дамытуға мүмкіндік беріп, кедергілерді алып тастау керек, себебі жаңа жұмыс орындарын мемлекет емес, жеке бизнес құрады.
«Жемқорлықпен күресу керек. Еуразиялық одақтан шығып, шынайы дербес экономикалық саясатты жүргізу тиімді. Импортты азайтып, өзіміз шығара алатын тауарлардың өндірісін қолға алу қажет. Саяси реформаларды өткізіп, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды енгізу керек. Әкімдердің жұмысын бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде осы әкімнің басшылығымен жаңа жұмыс орындардың санын енгізген жөн», – дейді экономист Мұрат Қастаев.
Айта кетейік, Халықаралық еңбекті қорғау күніне орай, 28-30 мамырда Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі дәстүрлі конференция мен көрме өтеді. Бұл өзекті сын-тегеуріндерді талқылау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету саласындағы шешімдерді іздеу үшін жетекші мамандарды, мемлекеттік органдардың, бизнестің және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктіретін маңызды салалық іс-шара болмақ.
Ақбота Мұсабекқызы