Сурет: Stock.com
Қызметте жүріп жыныстық азғындыққа ұшыраған қызметкерлер енді еңбек кодексімен қорғалуы мүмкін. Қыз-келіншектерше қырындап, қол жүгірткендерді жазалайтын бап кеңейтіле түспек. Еңбек кодексінде жазылатын харассмент ұғымы тек еңбек ұжымдарын ғана емес, университеттер мен қоғамдық орындардағы да еркінен тыс тиісуді де қадағаламақ. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жұмыста жүріп харассментке ұшыраған көптеген адам бұл туралы ашық айта бермеген. Басшысы қырындап, қол жүгірткен жағдайларды қыз-келіншектер қауымы жасырып қалады.
Харассмент – өзгенің денесіне қол жүгірту, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, басшылықтың қысымы мен телефон арқылы маза бермеуі. Мұндай жағдайға тап болғандар өздерінің жәбірленгенін дәлелдей алмай келген. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Еңбек кодексіндегі баптың кеңейтілуі үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айтады.
"Енді Еңбек кодексінде харассмент деген ұғым болады. Ол әкімшілік құқықбұзушылықтың аясында қазір қоғамдық жерлерде "Тиісу" деген бап бар, соны кеңейтіп қараймыз", – деді мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Бұл бастаманы қоғам арасында қолдаушылар көп. Олар еңбек жолында әйелдердің құқығы қорғалу тиіс деп есептейді. Ал мамандар қоғамда жиі кездесетін оқиғаларға тосқауыл қою үшін заңмен тыйым салу қажет деп санайды. Өйткені басшының басынуы, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу іс жүзінде өте сирек қаралады дейді.
"Әлемдік тәжірибеде қарасақ, ер адамның оғаш көзқарасының өзі харассмент болып саналады. Тіпті сол үшін соттасып жатқандар да бар. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай жағдайларға жауапкершілік жоқ. Сондықтан қазір заң жобаларын реттеп қадағалау қажет. Жақын уақытта болмаса да, болашақта оның оң нәтижесі міндетті түрде болады", – деді заңгер Жангелді Сүлейменов.