11 қаң, 2024 сағат 12:52

Эквадордағы қақтығыс: зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар ма?

Фото: © AFP 2024 / RODRIGO BUENDIA

Эквадорда тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен азаматтар арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Қазіргі уақытта Эквадорда тұрақты негізде тұратын 7 Қазақстан азаматы бар, барлығы консулдық есепте. Олардан басқа бұл елге турист ретінде барған 3 адамнан тұратын қазақстандық отбасы бар", - делінген хабарламада.

СІМ ақпаратынша, консул олардың барлығымен хабарласып, тікелей байланыс орнатқан. Сондай-ақ қауіпсіздік шаралары туралы тиісті нұсқаулық берген.

"Зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.

Естеріңізге сала кетейік, Эквадордағы тәртіпсіздіктер 7 қаңтарда "Лос-Чонерос" бандасының лидері түрмеден қашып кеткеннен кейін басталды. Жағдай ушыққан соң ел президенті 60 күнге төтенше жағдай жариялады. Қарулы қақтығыс басталғанын растайтын жарлық шығарды.

Биліктің әрекеті қылмыскерлердің ашуын туғызды. Олар қала көшелерінде автобустар мен көліктерді өртей бастады, Гуаякильде қолдан жасалған жарылғыш заттар жарылды.

Тәртіпсіздіктер басталғаннан кейін Эквадор полициясы мен әскерилері 329 қылмыскерді ұстаған және рейд барысында бес террористің көзін жойды.