12 нау, 2021 сағат 14:41

Екі өңірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттердің басшылары ауысты

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар және Қызылорда облыстары бойынша департаменттеріне жаңа басшылар тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов әкімдікте өткен отырыста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық департаментінің жаңа басшысы Ернар Баянғазинді таныстырды. Әкімдік отырысына аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар қатысты. 

Әбілқайыр Сқақов Ернар Баянғазиннің тәжірибесін атап өтіп, оның алдағы жұмысына табыс тіледі.

Ернар Баянғазин 1978 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын бітірді. 2000-2018 жылдар аралығында еліміздің ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етті.

Қазіргі қызметіне дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы департаментін басқарды. Ал оған дейін ол ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Сондай-ақ бүгін Қызылорда облысы әкімдігінде өткен жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов агенттіктің аталмыш өңір бойынша департаментінің жаңа басшысы Қанат Қожахметовті таныстырды. 

Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңадан тағайындалған Қанат Қожахметовті қызметімен құттықтады. Сондай-ақ алдағы уақытта Мемлекет басшысы қойған міндеттерді бірлесіп атқаруда жұмысына сәттілік тілеп, сенім білдірді. 

Қанат Қожахметов 1965 жылы Алматы қаласында туған. Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғарғы мектебін және Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік академиясын бітірген.

Еңбек жолын ішкі істер органдарында 1987 жылы бастаған. 

1987-2009 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарында және Алматы қаласының ішкі істер органдарында, 2009-2018 жылдары ішкі істер министрлігінде түрлі лауазым атқарды.

2018 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ауысты. 

2020 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.