04 шіл, 2024 сағат 11:14

eGov mobile қосымшасында еңбек шартына қол қоюға болады


Фото: "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ


Енді eGov mobile қосымшасында еңбек шартына қол қоюға болады, деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.


Жаңадан жұмысқа кірген адам енді жұмыс берушімен еңбек шартына тек қағаз түрінде ғана емес, смартфон арқылы да қол қоя алады.


"Жұмыс беруші hr.enbek.kz порталында өзінің жеке кабинетінде электронды еңбек шартының жобасын жасайды және оны жұмыскерге келісімге жолдайды. Шартқа қол қою ұсынысымен жұмыскердің eGov Mobile мобильді қолданбасына push-хабарлама келеді. Жұмыскер өзінің жеке басын қысқа парольмен, мобильді қосымшадағы биометриялық деректермен растайды, Push - хабарлама арқылы өтеді", - дейді ведомство.


Жұмыскер еңбек шартымен танысады, егер шарттармен келіссе, қысқа кодты енгізіп немесе биометриялық деректермен тексеруден өтіп, өзінің ЭЦҚ көмегімен қол қояды. Жүйе hr.enbek.kz порталындағы жұмыс берушінің жеке кабинетіне хабарлама жібереді.


"Жұмыс беруші ЭЦҚ немесе QR арқылы қол қояды. Жүйе қол қойылған электронды еңбек шартын еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) тіркеуге автоматты түрде жібереді, содан кейін шарт жасалған болып есептеледі", - дейді акционерлік қоғам.


Егер пайдаланушыда мобильді қолданба орнатылмаған болса, бірақ мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, оған қолданбаны жүктеуге сілтемемен 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберіледі.

Сервис іске қосылған сәттен бастап қол қойылған электронды еңбек шарттарының саны мыңға жуықтады.